4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күніне орай бүгін Сарыағаш қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында «Рәміздер-елдігімнің айғағы» атты мерекелік акциясы өтті. Аталмыш жиында аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
-Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 32 жыл бұрын – 1992 жылғы 4 маусымда елімізде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңға қол қойылды. Бұл күн бәріміз үшін басты мерекелердің бірі болды. Еліміздің тәуелсіздігінің мемлекеттік рәміздері Ту, Елтаңба және Гимн өз мемлекеттілігін ғасырлар бойы аңсаған азат ұлттың орындалған арманының белгісі. Түптеп келгенде Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады. Сондықтан да, әрбір азаматтың жүрегіне елжандылықты дарытуда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор, орны айрықша. Осы мереке күні сіздерге зор денсаулық, амандық, бейбітшілік тілеймін! Отанымыз – Қазақстан гүлдене берсін, Тәуелсіздік туы биіктен желбіресін!- деп аудан әкімі облыстық, аудандық іс-шараларға белсенділік танытып қатысқан патриот жастарды алғыс хат марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар Мемлекеттік рәміздер алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, бүкіл Қазақстан бойынша 11:00-де бір мезетте Мемлекеттік ту көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.
Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, күй тартып акция қатысушыларына көтеріңкі, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 33 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 32 жыл.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 32 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков арнайы қатысты. Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 32 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Серік Қонысбекұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.