Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев және өзге де құқық қорғау органдарының басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 4 мәселе талқыланды.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен оған бағынысты ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын талқылау және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасалды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергенов саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Осыған байланысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың баяндамасы тыңдалды. Спорт саласындағы кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген өңірдегі апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі, коммуналдық шаруашылық бағытындағы өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Жалпы облыс аумағында 1 708 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 10 үй апатты жағдайда. Бұл үйлердің мәселесін шешу жолдары қаралуда.
Су тасқынын алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әскер Сарбатов пен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың есептері тыңдалды. Олардың айтуынша, биылғы көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды шаралар атқарылды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» Жол картасындағы жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталып, қалған 1 іс-шара ауқымдылығына байланысты биыл аяқталады. Қауіпсіздік жұмыстары қатаң бақылауға алынған.
Мәжілісте әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру қорының бүгінгі жай-күйі талданды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқарма басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек бағаны тұрақтандыру саласындағы кемшіліктерге тоқталды. Атқарылған жұмыстар бойынша «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев мәлімет берді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев талдау жұмыстары арқылы анықталған кемшіліктер жойылуы тиіс екенін айтты.
Жиынды түйіндеген облыс әкімі Дархан Сатыбалды талқыланған мәселелер мен кемшіліктер бойынша басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар беріп, жұмысты ширатуды тапсырды. Мемлекет қаржысын өз мақсатында тиімді жұмсау және үнемдеу, жұмыстарды сапалы атқару, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.