Келес ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орай, «Рәміздер елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты мәдени салтанатты шарасы өтті. Абай ауылындағы орталық алаңда ұйымдастырылған іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебелі мерекемен құттықтады.
– 1992 жылғы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер барлық уақыт пен заманда қоғамдағы әр адам үшін қастерлі де, қасиетті. Рәміздер халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін бейнелейді, оның құндылықтары мен қасиетті жерлерін, ата-бабалар жадын және жаңа ұрпақтың болашақ жетістіктерін білдіреді. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында еліміздің көк байрағы әуе шары арқылы көкке көтерілді. Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерекеде Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы патриоттық әндер шырқап, көпшілікке жігер сыйлады.
Айта кетейік, 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны сол жылы бекітіліп, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған-ды. «Менің Қазақстаным» саябағын бойлай өтіп, Даңқты бабалар саяжолынан оң қолын жүрек тұсына қойып, кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы…» деп, еліміздің болашағы саналған бүлдіршіндеріміз мемлекеттік Әнұранымызды шырқап барады. Жәй ғана көрініске балап, өте шығуыңыз да мүмкін. Бірақ, ұлтжандылықты, мемлекетшілдікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті және патриотизм сынды қасиеттерді бойына сіңірген жеткіншектерге қарап, сүйсініп-ақ, қарайсың.
Қалың қолды бастаған батыр бабалар қарсы топқа айбарын көрсетіп, байрағымызды жаугершілікте де жықпай, кейінгі ұрпаққа табыстап еді. Бүгінгі бейбіт күнімізде жалауымыздың желбіреп, Елтаңбамыз арқылы елдігімізді батырларымыз көрсетіп келеді. Әлемдік аренада атой салған жалынды жастарымыз Шәуілдірде (Отырар ауданының алғашқы атауы ретінде) туған Шәмшінің әнін дүние жүзіне шырқатты.
Ал, бүгінгі жас жеткіншектердің желбіреткен жалауы, шырқаған әні де қайтпас-қайсар қолбасшылардың, сардарлар мен сарбаздардың, даңқты спортшылардың ерлігінен ешқандай да кем емес. Ұлылардың ұлағатын жас ұрпақтың бойына сіңіруге аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардан батыр Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген тәмсілін естіп, марқайғанымызды да жасыра алмаймыз. Ұлт мәдениетінің кемеңгері Өзбекәлі Жәнібеков есімін арқалаған білім ордасында – алтын ұяда – болашағынан зор үміт күттіретін тастүлектердің қанат қағарына сенімді болдық.