Бүгін Арыс қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, Тәуелсіздік стелласында және қалалық мәдениет үйінде тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен жастар, әскери бөлім сарбаздары мен қала тұрғындары қатысты. Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған жиында сөз алған шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер мерекесімен құттықтады.
Шара барысында патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды. Сонымен бірге Арыс қаласының дамуына атсалысқан белсенді азаматтар арнайы қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран. Елдігімізді айшықтайтын рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Биыл мемлекеттік рәміздерге 32 жыл толып отыр.
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұстас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.
Мәртебелі жиынның басты мақсаты – рәміздерді және отанды құрметтеу, патриоттық сезімді нығайту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу.
Сонымен қатар Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 32 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков арнайы қатысты. Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 32 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Серік Қонысбекұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарадан соң ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен бастау алған автошеру арқылы бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды көтеріп, көшелерді аралады. Тұрғындарды мерекемен құттықтады.