Сайрам ауданының орталық саябағында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мереке қарсаңында «Рәміздер» алаңы жаңа орынға ауыстырылған болатын. Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесін көтеруге арналған жиынға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан жастары мен тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында алдымен жастар патриоттық әуендерді шырқады, қонақтарды қарсы алды. Бұдан соң аудан әкімі Арман Сәбитов барша қауымды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігімізді бүкіл әлемге танытушы және мемлекетіміздің жарқын көрінісі. Талай елдің төрінде Әнұранымыз айтылып, көк Туымыз желбіреген Қазақстанды төрткүл дүние таниды десек артық айтқанымыз емес. Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық патриотизм, туған жерге деген қастерлі құрмет – әрбір адамның рухани болмысын бағамдайтын ұлағатты ұғым. Ал Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір адамның бойына сыйлайтын сол елдің нышандары екені сөзсіз. Қастерлі құндылықтарымыздың халықаралық ареналарда әрдайым абыройы асқақтай берсін! Халқымыздың тыныштығы мен татулығы, берекесі мен бірлігі бекем болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара шеңберінде әскери сарбаздар Мемлекеттік Туды салтанатты түрде алаңға алып шығып, еліміздің Әнұраны шырқалды. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының жігер сыйлайтын, отансүйгіштік сарындағы ән-жырларымен жалғасты. Ал Арыс қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, Тәуелсіздік стелласында және қалалық мәдениет үйінде тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен жастар, әскери бөлім сарбаздары мен қала тұрғындары қатысты. Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған жиында сөз алған шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер мерекесімен құттықтады.
Шара барысында патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды. Сонымен бірге Арыс қаласының дамуына атсалысқан белсенді азаматтар арнайы қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.