Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған қабылдауда азаматтар көшені жөндеу, ретке келтіру, лоток, жарық, ауыз су, көпір мәселелері, жеке тұрғын үйінің апатты жағдайда болуына байланысты материалдық көмек сұрады. Аудан басшысы әр азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, азаматтардың басым бөлігінің өтініші қабылдау барысында шешімін тауып, жауапты тұлғаларға жүктелді. Қалған арыздар бойынша заңдарға сәйкес, түсініктеме мен кеңес берілді. Барлық өтініштер аудан басшысының жеке бақылауында.
Ұйымшыл елді мекенінің тұрғыны Ж. Қойшыманов түнгі жарық орнатуды сұранып, жауынды күндері су арыққа сыймай ағуына орай, суағар орнатып, канал бойындағы көпірге қосымша плита қойып, балалар ойын алаңшасын орнатуды өтінді. Сондай-ақ, ауылдың кіреберіс қақпасына қойылған аркадағы жазуды бұзақылар сындырып кете беруіне байланысты бейнебақылау камераларын қоюға көмек сұрады.
Ленгір қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің ашылғанына 70 жыл толуына орай мерекелік жиын ұйымдастырылып жатқанын айтқан қала тұрғыны А.Оразалиев зейнеткер ұстаздарға құрмет көрсетіп, еселі еңбегін бағалау мақсатында арнайы марапатқа ұсынып, білім ошағының түлектері демеушілік көмек көрсетіп, спорт алаңын тұрғызуға қаржы бөлгенін, қазіргі кезде спорт алаңы үшін арнайы жер телімі қажеттігін айтты.
Қала тұрғыны Ұ. Абилдаева жеке тұрғын үйінің аппатты жағдайда болуына байланысты материалдық көмек сұрады.
Тасарық елді мекенінің тұрғыны А.Саттарова «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ауданаралық байқауға Төлеби ауданының тарихы мен табиғатын, бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат жариялағанын айтып, оның таралуына көмек беріп, пікір жазып, қолдауды сұранды.
Зертас ауылдық округ тұрғыны М.Тогусбаева мал шаруашылығын дамытуды қолға алғанын айтып, арнайы жер телімін бөліп, шағын кәсібін дөңгелетуге сала мамандарынан кеңес алды.
Ленгір қаласының тұрғыны Ж.Сүлейменова көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, қазір баспанасыз қалуына орай, уақытша паналайтын пәтер жалдауға көмек сұрады.
Қала тұрғыны К.Жұмағұлова өзінің туған сіңлісі С.Туреханованың тағдырдың жазуымен денсаулық жағдайына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарына қосылып, өздігінен жүріп-тұра алмай арнайы қоларбаға отырып қалғанын, екі баласымен пәтер жалдап тұру қиынға соғып жатқанын айтып, пәтер бөлуге көмек сұрады.
Ж. Шаудырбаева тұрғын үй кезегіне қатысты туындаған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.
«Самал» мөлтек ауданының тұрғындары жауындары күндері жеке тұрғын үй ауласына су жиналып үйдің астына кетіп жатқанын жеткізіп, мәселені шешуге ықпал етуді өтінді.
Кемеқалған ауылдық округ тұрғыны Р.Уркенова жер учаскесінің құжаттарын дер кезінде рәсімдемеуіне байланысты туындаған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан шешу жолдарын сұрастырды.
Ұзынарық елді мекенінің бір топ азаматтары құрылысы жүріп жатқан ауыз су құбырлары, Керегетас елді мекеніндегі Ұзын каналы бойынша толғандырған мәселелерін ортаға салып, сала мамандарымен бірлесе отырып, шешу жолдарын қарастырып, талқылады.
Ленгір қаласының тұрғыны М.Бағысбаева табиғи газ, ауыз су, 1 мөлтек аудандағы №17 және №16 көпқабатты үй тұрғындарының ортақ мәселелерін сөз етіп, мамандардан заң аясында шешу жолдарын сұрап, кеңес алды.
Қабылдауда айтылған әр өтініш бойынша хаттама түзілді. Қорытындысы келушілерге тапсырылады. Жергілікті биліктің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың мәселесін тікелей шешу мақсатында аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әр аптаның сейсенбі күндері жеке қабылдау өткізіп, кез-келген түйткілдің түйінін дер кезінде тарқатуға септігін тигізіп келеді.