5 маусым – Бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Осыған орай, бүгін Сарыағаш ауданының аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аудан тазалығына үлес қосу – туған жерге деген қамқорлық. Бүгін қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтау мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен аудандық деңгейде тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Дарбаза, Жартытөбе ауылдық округтерінде және Сарыағаш қаласына қарасты орталық және ішкі көшелердің бойында үйілген, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору жұмыстары жүргізілді. Қоршаған ортаны қорғау бағытында жүргізілген жұмыстарға екі арнайы техника жұмылдырылды. Экоакцияға ауылдық округ тұрғындары мен еріктерілер белсене қатысты.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданы аумағында жыл басынан қазіргі таңға дейін жалпы 73 сенбілік өткізілген. Сенбілік барысында 500 көше, 161 шақырым аяқжол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 37 аялдама, 34 саябақтар мен скверлер, 47 спорт алаңшасы сырланып, реттелді. Сенбіліктерге жалпы 20 000 адам қатысып, 343 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 676 тонна күл-қоқыс арнайы орындарға тасымалданды.
Сарыағаш ауданы бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, аталған сенбіліктер барысында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 31 700 түп ұзақ жылдық ағаш көшеті қала және 13 ауылдық округ аумақтарына егілді. Сонымен қоса, демеушілер есебінен Сарыағаш қаласы және Қапланбек ауылдық округінде 4200 ағаш және гүл көшеттері егілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының қорытындысына тағы бір тоқталды. Өңірде 5 апталықта абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілді. Бұдан бөлек, науқан аясында 1408 ауқымды іс-шара өтті.
Жалпы акцияға 74 мыңға жуық тұрғын, 2 мыңнан аса мемлекеттік орган, 3 мыңнан аса бизнес өкілі, 5 мыңнан аса ерікті, 1 мыңнан аса жас қатысып, 1669 техникалар сенбіліктерге тартылып, 4 мыңға жуық тонна қоқыс шығарылды. 691 шақырым республикалық жол, 3533 шақырым облыстық деңгейдегі жолдар тазаланды. 60 024 м2 аяқжолдар тазаланып, 1270 аялдама ретке келтірілді. 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелген. 346 саябақтар және скверлер, 302 мыңнан аса жеке үйлердің айналасы ретке келтірілді, 2156 әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланды. 60 мың м2 немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланған.