Жаңа технология жетістіктері ақпарат саласына да айтулы жаңалықтар әкелді. Мінсіз мәтін жазып, ғаламтордағы миллиондаған ақпаратты әп-сәтте сүзгіден өткізіп, алдыңа жайып салатын журналистикадағы жасанды интеллект тілшілер қауымына көмекші құрал ма әлде бәсекелес пе? Ақылды құралдың артықшылығымен қатар қандай қатерлері бар? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллектінің генерациясы» атты VІІ Халықаралық ғылыми форумда осы және өзге де маңызды сауалдар сараланды.
Форумда алғашқы болып сөз алған БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самек технология қанша жерден қарыштап дамыса да, адамның ой-өрісі әрқашан алда болатынын мәлімдеді. Ал жасанды интеллект қыруар жұмысты жеңілдететін көмекші құрал ғана. Түрлі ақылды құралдар, адамның шынайы сезімі мен ойын, шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Робот құрастырып берген жылт етпе ақпараттар жылдам қолжетімді болғанымен, дәйекті болмауы мүмкін. Ал мазмұн тереңдігі мен ой ұшқырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Десе де заман көшінен қалып қоюға тағы болмайды. «Өйткені бүгінгі таңда технология тілін жетік меңгеру журналистің басты қаруы», дейді сарапшы.
Осы тақырыпқа орайлас пікір білдірген қырғызстандық сарапшы Айта Султаналиева болашақ журналистерді даярлауда жасанды интеллектіні пайдаланудың тиімді тәсілдері, этикасы мен нормалары туралы баяндады.
«Журналистикадағы жасанды интеллект алдағы болашақта ақпарат саласының мамандарын жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе деген мәселе жиі айтылады. Меніңше олай емес. Аталған құралға үрке қарамай, керісінше оның көмегіне жүгіну арқылы жұмысымызды жеңілдетеміз әрі зерттеу мүмкіндіктерінің ауқымын кеңейте аламыз. Бұл әлемдік ақпарат жүйесінде өзінің тиімділігін көрсеткен жоба, біз де бұдан айналып өте алмаймыз. Сайып келгенде мұның бәрі адам игілігі үшін, адам қолымен жасалған жетістіктер. Заң, лингвистика, қаржы, бизнес, медицина салалары жасанды интеллект көмегінің арқасында алысты жақындатты. Мұндағы басты мәселе – журналистер даярлауда болашақ мамандарды жасанды интеллектімен жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуге машықтандыру. Робот белгіленген тақырыпқа қатысты ғаламтордағы ақпаратты тұтас қамтуға тырысатындықтан, жалған фактілер, негізсіз мәліметтер де белең алуы ықтимал. Авторлық құқықтың сақталуы, этика, айтар ойды астарлап жеткізу тұрғысынан көмекші құралға үнемі редакторлық бақылау қажет», дейді Аита Султаналиева.
ҚазҰУ Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаеваның пікірінше, жаңа ақпараттық кеңістіктің кеңге қанат жаюы көп жұмыстарды жеңілдеткенімен, адамзат алдына ақпараттық қауіп, компьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы шатастыру, кибершабуыл, жалған мәлімет беру сынды жаңа кедергілерді әкелуі мүмкін. Бұл қауіптердің алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық ортаның байланысы берік болуы шарт.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану бүкіл әлемде күн сайын дамып келе жатқан үрдіс. Ресейлік сарапшы ғалым Сергей Гришин әлем ғалымдарының 33 пайызы жасанды интеллектпен еркін жұмыс істеуді меңгере бастағанын айтады. Ал әрбір үшінші ғалым үшін бұл әлі таңсық тақырып. Гришин әлемдік ақпарат саласы мамандарының жартысына жуығы жасанды интеллект көмегіне қатты қажет болған жағдайда ғана жүгінетінін жеткізді. Бұл негізінен ақпаратты талдау, жаңалықтар легімен танысу, мәтін құрау ісіне қатысты.
Форум жұмысына онлайн форматта қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, журналистика мен цифрлы технологияны тығыз қарым-қатынаста дамыту сала алға қойған маңызды міндеттердің бірі екенін атады. Халықаралық ұйымдар мен зерттеу университеттерінің медиа және коммуникация саласының өкілдері қатысқан іс-шарада жасанды интеллект дәуіріндегі этикалық барометр, дезинформациямен күрес: жасанды интеллектінің журналистикадағы рөлі, нейрожелілер және журналистика: таяу болашағы, қатерлер мен болжамдар деп аталған арнайы секциялар жұмыс істеді.
«Келешекте журналистердің робот көмекшісі пайда болады. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінде редакциялауға, тіпті зерттеу жүргізуге қолұшын тигізеді. Түсірілім кезінде робот көмекші, робот оператор жүруі ықтимал. Дамыған елдерде телестудиялық хабарларды роботтар түсіре бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Жаңа мүмкіндіктерді игеру үшін цифрлық технологияларды меңгерген журналист мамандарға сұраныс артады», дейді жас ғалым Олжас Есенбай.
Басқосу барысында бүгінгі журналистикада кенжелеп қалған дәстүрлі жанрларды қайта жаңғырту мәселесі де кеңінен сөз болды. Журналистер қауымы очерк, эссе жанрларын тың форматта түрлендіріп, тағылымы мол тарихи мақалаларға көбірек қалам тербесе деген ой айтылды. Сондай-ақ осы тақырыпқа байланысты мазмұнды журналистік зерттеулер жасалса деген ұсыныстар ортаға тасталды. Еліміздегі медиакеңістіктің ақпараттық-технологияларын, инновациялық жаңалықтарын дамыту жүйесі мен жолдары туралы ұсыныс тілектер айтылды.
Журналистер мен ғалымдардың ойларын қорыта айтқанда, уақыт талабына сай кез келген ақпарат саласының маманы әмбебап болуға тиіс. Дәстүрлі құндылықтардың қайнарынан қанып ішіп, жаңа заманның да жаңалықтарына бейімделуі керек. Ал мультимедиялық технологиялар мен ғаламтор қуатын тиімді пайдалану дәстүрлі медианың жаңа тынысын ашады.