Республикалық «Жас тілшілер» форумын өткізуді дәстүрлі шараға айналдырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биыл да еліміздің түпкір-түпкірінен 60-тан астам талапкер жиналды.
Болашақ журналистердің шығармашылығын шыңдап, жолдама беретін «Жас тілшілер» форумының шежіресі тереңде жатыр. Алғаш республикалық «Жас тілшілер» слеті 1975 жылы мамыр айында өткен еді. Оның бастауында О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, Д.Стамбеков, Ш.Смаханұлы сынды танымал ақын-жазушылар тұрғаны белгілі.
Соңғы жиырма жылда жаңа форматта, заманауи үлгіде өтіп жүрген «Жас тілшілер» форумы биыл да болашақ журналистер үшін жаңа бағдарламаларымен ерекшеленді. Форумның ашылуында журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева мен аға оқытушы Серік Жұмабекұлы қоғамдағы журналистің рөліне тоқталып өтті.
«Жас тілшілер» форумы барысында газет тілшісінің жұмысы туралы белгілі қаламгер-журналист Жүсіпбек Қорғасбек, телевизиядағы қыр-сырына Жаңылхан Асылбекова, журналисика негіздері бойынша Берікбол Төлеген шеберлік-сыныптарын өткізді.
Форум соңында ең үздік шығармашылық жұмыстар марапатталды. «Ең үздік жас тілші – 2024» қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Ұлан» газетінің жас тілшісі, Абай облысы Семей қаласындағы №11 мектеп оқушысы Диана Ағзамованың жұмысы лайық деп танылды.
Форум соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді. Форум жұмысына онлайн форматта қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, журналистика мен цифрлы технологияны тығыз қарым-қатынаста дамыту сала алға қойған маңызды міндеттердің бірі екенін атады. Халықаралық ұйымдар мен зерттеу университеттерінің медиа және коммуникация саласының өкілдері қатысқан іс-шарада жасанды интеллект дәуіріндегі этикалық барометр, дезинформациямен күрес: жасанды интеллектінің журналистикадағы рөлі, нейрожелілер және журналистика: таяу болашағы, қатерлер мен болжамдар деп аталған арнайы секциялар жұмыс істеді.
«Келешекте журналистердің робот көмекшісі пайда болады. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінде редакциялауға, тіпті зерттеу жүргізуге қолұшын тигізеді. Түсірілім кезінде робот көмекші, робот оператор жүруі ықтимал. Дамыған елдерде телестудиялық хабарларды роботтар түсіре бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Жаңа мүмкіндіктерді игеру үшін цифрлық технологияларды меңгерген журналист мамандарға сұраныс артады», дейді жас ғалым Олжас Есенбай.