Бүгін «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының жаңадан тағайындалған атқарушы хатшысы Қайназаров Асқар Нұртайұлы жергілікті және республикалық, облыстық БАҚ өкілдерімен, әлеуметтік желі белсенділерімен кездесті. Алдағы атқарар жұмыстарының жоспарымен таныстырып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Бүгінде ауданда партия тарапынан атқарылған жұмыс аз емес, алда атқарылуы тиіс, шешілуі керек дүниелер де баршылық.
Ең бірінші – билік пен бұқараның арасындағы байланысты, ашықтықты бекемдеуіміз аса маңызды. Бұл бағытта сіздердің көмектеріңіз керек болады. Кез-келген уақытта мәселе көтерілген орынға баруға, БАҚ өкілдерін қабылдауға, өздеріңізбен бірге күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатуға дайынмын» деген Асқар Нұртайұлы мерзімді басылымдар мен телеарналардың адам өміріндегі, қоғам дамуындағы маңыздылығы мен атқаратын рөліне тоқталды.
Өз кезегінде қаламгерлер ауданның өзекті мәселелерін көтерген БАҚ өкілдерінен теріс айналмай, керісінше, байланысты күшейту, «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихатқа сайланған әрбір депутаттың тұрғындармен қатар журналистер алдында да есеп берулерін қамтамасыз ету, негізгі табысы агросекторға тікелей байланысты ауданда бау-бақша өнімдерін сақтайтын қоймаларды іске қосу, шикізат өңдейтін шағын және ірі өндіріс орындарын ашу, егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша дихандар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, кәсіпкерлік саласын жандандыру, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелерді беру тетіктерін жетілдіріп, қатаң бақылауға алу секілді мәселелерді алға тартты.
Айтылған ұсыныстар мен пікірлердің ескерусіз қалмайтынын айтқан партия филиалының атқарушы хатшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен жоспарларын талқылау мақсатында қаламгерлермен жиі кездесіп отыруға уәде етті.