Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының әр аудан аумағынан шахматты дамыту туралы арнайы тапсырмасына сәйкес Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Жетісай шахмат федерациясының» ұйымдастыруымен ерлер мен әйелдер арасында аудандық біріншілік өтті.
Бүгінде спорт түрінің бренд ойындарының біріне айналған шахмат ойынына 50-ден астам тұрғын қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
«Шахмат ойыны – бұл адамның мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдайлар негізіндегі іс-әрекеттің бір түрі. Сондықтан, адам баласының дүниетанымы кеңейеді, сөздік қоры, ойлау қоры дамиды. Логикалық ойлау қабілеттерін дамытады. Ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға және басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі» деген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев байрақты бәсекенің мақсаты жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік пен шахматтан жаңа таланттарды анықтау екендігіне тоқталды.
9 турдан тұратын біріншілікте жеңімпаздар ерлер, әйелдер және 60 жастан асқан қатысушылар арасында анықталып, ұйымдастырушылардың дипломдары мен кубоктарына ие болды.
Айта кетейік, бүгінде ауданда шахмат ойынын дамыту мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 4 штат жаттықтырушы, аудан әкімдігінің қолдаумен «Жетісай спорт клубы» КММ-не 2 штат жаттықтырушы лауазымдары берiліп, шахмат үйрмелеріне қатысатындардың саны 150-ге жуықтаған.