Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылында мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер өз ауылдарына кіреберіс қақпа орнатты.
М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы халықаралық транзит дәлізінің бойында орналасқан ауылда 200-ден астам шаңырақ бар. Бүгінде әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы толықтай жаңарған ауыл ешбір қаладан кем түспейді. Атап айтқанда, жаңадан мектеп, балабақшалар, медициналық және полиция пункттері бой көтеріп, ауыз су және электр жүйелері жаңарып, көшелерінің барлығына асфальт түскен.
Осындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектептің 45-түлектерінің арқасында ауылдың сәніне және де сән қосылып, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын ауыл жастары патриотизмнің жарқын үлгісін көрсете білді. 10 жылдық түлектер тұрғызған қақпада шаңырақ бейнеленіп, қазақтың ұлттық ою-өрнегі темірден безендірлген. Сонымен қатар, алып қақпа түнгі уақытта да жарқырап, ауылдың түнгі көрінісіне көрік қосып тұр.
«Бұл қайырымды істері арқылы 10 жылдық түлектер өздерінен кейінгі буынның тәрбиесіне үлкен септігін тигізіп, олардың туған жерлеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыратыны сөзсіз. Бірнеше жылдан бері қалыптасқан түлектердің ауылды көркейту үрдісі биыл да жалғасын тауып, бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Осындай еселі еңбектерімен ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген түлектерге шынайы алғысымызды білдіреміз!» – деді, ауыл молдасы Нұржан Әлімбеков.
Айта кетейік, Өргебас ауылында кәсіпкер түлектердің демеушілігімен де бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мешіт, аялдама сияқты нысандар ел игілігіне берілген.
Осыған дейін, Ордабасылық түлектер бір отбасына баспана сыйлады
Олардың әрқайсысы тағдырдың сынағына түскен отбасылар. Ордабасыда 2004 жылғы түлектер бір отбасына баспана сыйлады. Түркістан облысы, Ордабасы ауданында әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасып, аудан орталығы Темірландағы Ш.Уалиханов, А.Иманов және Қ.Бектаев мектептерінің 2004 жылғы түлектері мұқтаж отбасыға баспана сыйлады. Олар аталған баспананы тарту ету үшін мұқтаж отбасыны таңдау үшін “Игілік” қоғамдық қоры 8 отбасының презентациясын ұсынған. Олардың әрқайсысы тағдырдың сынағына түскен отбасылар. Солардың арасынан жалғызбасты, көпбалалы Замира Тасболатова көпшілік дауыспен таңдалып алынған. Бұл отбасы осы уақытқа дейін тар бөлмені жалдап тұрып келген. Айта кету керек, бұл шара “20 жылдық түлектерден 1 қоныс” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Яғни, бұл жоба осыдан төрт жыл бұрын, 2001 жылғы түлектерден бастау алған. Осы уақытқа дейін төрт отбасыға баспана тарту етілген. Ауданда осы бағыттағы игі істер жалғасады. Түлектердің бұл қайырымды ісі ел-жұртқа үлгі болары сөзсіз.