Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде С.Қожановтың 130 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында «Қожановтану әлемі» кітабы мен «Рух» атты көркем-публицистикалық журналдың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Мерейтойлық журнал аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің кіріспе сөзімен басталып, танымал тарихшы ғалымдар, жергілікті қожановтанушылардың зерттеу еңбектері, созақтық ақындардың арнау жырлары, туыстарының естеліктері , тарихи фотолармен әрленіп, журналдың мән – мағынасын ашуға ықпал еткен.
Сонымен қатар, аудандық музейдің тұңғыш директоры Д.Тұрантегі жайлы әңгіме – естеліктер, музейдің 30 жылдық тарихынан сыр шерткен сұхбаттар, басқа да танымдық қызықты дүниелер ұсынылған. Журнал түрлі – түсті , айшықты безендіріліп, қомақты, көркем басылым боп шыққан. Журналдың жинақтаушы-редакторы – ақын, журналист Гүлнәр Өмірбек. Тілші – Мақсат Қарғабай.
Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанов – қазақ халқының бағына жаралған нағыз адал перзенті. Ол көрген азап пен нәубеттер егемендік шаққа бет алған мұзжарғыш кемедей тарихта өз жылнамаларын қалдырды. 20-ғасырдағы Қазақстан мен орталық Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ұстаз, ғалым, публицист қай салада болса да, бірінші кезекте ойланғаны ұлттық мүдде еді. Ол үшін ымырасыз күресті. Еңбекшіл халқымен жақсы байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік мәдениет мәселелерін шешуге бар күшін салған тұлға білімділігі мен қайсарлығы арқылы 30 жасында халық көсемі бола білді. 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарды.
АТАҒЫ АЛТЫ АЛАШҚА БЕЛГІЛІ СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТУДЕ
Биыл қазақтың ардақты ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. Бүгін Созақ ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған мазмұнды шаралар бастау алды. Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде С.Қожановтың 130 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.