«Қамқорлық» бағдарламасы аясында Шардара ауданында ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыстар атқарылуда. Негізінен аудан аумағында қоғам көмегіне мұқтаж аз қамтылған 58 отбасы бар екендігі анықталып отыр. Тізімге алынған жанұялардың барлығына түгелдей дерлік демеушілер есебінен 734 200 теңге көлемінде азық-түлік себеті мен ішінара қатты отын таратылған.
Қызылқұм ауылында бір жанұяға демеушілер есебінен 650 000 теңге көлемінде құрылыс материалдары сатып алынған. 26 отбасына «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» тағайындалып, бюджет есебінен 2 млн 47 мың 500 теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы бағдарламаға енгізілген әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандардың жағдайларымен танысу үшін үйлеріне арнайы барды. Жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыруға және кәсіпкерлік бағдарламасы аясында өз кәсіптерін ашуға көмек беруді, тұрғын үйге мұқтаждығы бар шаңырақ иелерін жер кезегіне, үй кезегіне қою жайында тиісті сала мамандарына тапсырмалар берді.
Алдағы уақытта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аз қамтамасыз етілген, баспанаға мұқтаж 9 отбасыға демеушілер мен қайырымдылық қорлар есебінен тұрғын үй алып беру жоспарланса, әрбір мүшесіне медициналық, жұмысқа орналасу, азық-түлік пен тұрмыстық заттар алып беру, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты түрде көмек көрсету арқылы еңсе тіктеулеріне жағдай жасалмақ.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.