Бүгін Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлттық бірыңғай тестілеуден еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп 138 балл жинаған кентаулық түлек Айдос Қожановты қабылдады.
«Мемлекетті өркениетке жеткізетін білімді елдің болашағы өзіңдей білімді жастар.Үлкен өмірге басқан қадамыңыз құтты болсын! Таңдаған мамандығыңыз бойынша жоғары оқу орнына түсуіңізге тілектеспін. Сізді осындай дәрежеге жеткізген ата-анаңызға, ұстаздарыңызға алғысымды білдіремін» – деді қала әкімі.
Айдос Қожанов көпбалалы отбасыдан шыққан. Тіпті ҰБТ-ға дайындық кезінде де 137 балл жинап, мектебінде үздік атанған.
Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді. Физика-математика пәнін таңдаған кентаулық жігіт әке жолын қуып педагог болуды армандайды.
Бұл – Айдос Қожановтың ҰБТ бірінші мүмкіндігіндегі көрсеткіші. Математика және тарих пәнінен берілген сұрақтардан мүлт кеткен талапкер бір айдан соң тағы да бағын сынайды. Сондай-ақ келесі мүмкіндігінде 140 балл алып, рекорд орнатуды қалайды.
Түркістан облысында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы, облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і – «Алтын белгіге», 2 466 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.
Еске салайық, 31 мамырда Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады.
Ведомство мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 71 мыңға жуық түлек тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Одан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл су тасқыны болған өңірлердегі түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) қосымша жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.
Айта кетсек, Кентау қаласында 2023-2024 оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп,оның Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 788 өтінім білдірген. Оның 43-і – «Алтын белгі» белгіге, 54оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.