Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Беларусия Республикасы, Паставы қаласында XXXIV «Звіняць цымбалы і гармонік» халықаралық фестивалінен бірдей бас жүлдемен оралған «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамбль мүшелерін арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
– Беларусия Республикасында өткен халықаралық музыка фестивалінде үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқаттандырдыңыздар, біз үшін үлкен мәртебе! Ұлттық музыкамызды жаңғыртып, өркендетіп, фольклорлық өнеріміздің дамуына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Болашақта ұлттық өнерді жас ұрпаққа дәріптеп, биік шыңнан көрсетіп, ұмыт бола бастаған көне музыкалық аспаптардың үнін халыққа паш етеді деп сенемін. Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын,- деп аудан басшысы Арман Абдуллаев құттықтау сөздерін айтып,алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары А. Қозыбаев Беларусия Республикасы, Паставы қаласының әкімінің арнайы алғыс хатын аудан басшысына табыстады.
Ауданымыздың өнерпаздарын аудандық мәслихаттың төрағасы С. Тасқұлов арнайы құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Айта кетсек, Беларусия Республикасы, Паставы қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.