Бүгін ауданда «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында семинар-тренинг өтті. Шараның мақсаты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, лудоманиямен күрес және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету бойынша кеңес беру болып табылады.
Сеинарға мектеп директорлары, балабақша қызметкерлері мен жергілікті медицина қызметкерлері және аудан жастары қатысты.
Жиын барысында «Бәйтерек» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қонысбеков Роллан, психолог Нәзипа Әлтаева, қаржыгер Жандос Әзімбай қаржылық сауаттылықты арттыру және қаржыны тиімді пайдалану, қаржылық алаяқтықтан сақ болу бүгінгі күні кезек күттірмейтін маңызды мәселе екені жайында кеңестерін айтып өтті.
«Сауаттылық пен қаржылық қауіпсіздік туралы білімнің
төмен болуы қаржылық алаяқтыққа, шамадан тыс қарыздар мен әлеуметтік проблемаларға, соның ішінде депрессияға және басқа да жеке мәселелерге әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір адам өз қаржысын дұрыс жоспарлай алуы қажет» – дейді мамандар.
Қаржылық сауаттылық қоғамға керек дағды. Әрбір адам өз бюджетін жоспарлаудан, қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамаларынан хабардар болу керек. Күнделікті өмірде біз ақшамыздың қайда кетіп жатқанына аса мән бермейміз. Сондықтанда, табысты дұрыс жарату кез келген адамның қағидасына айналуы керек. Бір ай бойы еңбек етіп, қалтаға түскен қаражатты оңды-солды, керекті-керексіз жұмсап жіберетін сәттер болатыны жасырын емес. Міне, осындай жағдайлар туындағанда ең бірінші тығырықтан шығатын жол өз-өзіне есеп беру. Яғни, кірісі мен шығысын есептеп, саналы түрде жұмсау керек.
Әр отбасының қаржылай сауатты болуы мемлекетіміздің бай-қуатты елдердің қатарына қосылуының негізі кілті болып саналады. Сондықтан кез келген дағдарыстан шығудың кілті қаржылық сауаттылық екенін әрқашан есте ұстаған жөн.
Кездесу барысында шараға қатысушылар қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтарынан сақтану жолдары туралы сауалдарын жолдап, мамандар тарапынан тиісті кеңестерін алды.