Түркістан облысының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Экоакцияға Сарыағаш ауданының тұрғындары да белсене атсалысуда. Ауданға қарасты Құркелес ауылдық округі, Алғабас елді мекенінің тұрғындары орталық және ішкі көшелердің бойына бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды жинап, арық-атыздарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ еріктілер шөптерді ору жұмыстарын атқарды.
Тазалық акциясы аясында 1,8 тонна күл-қоқыс және тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Жалпы тазалық жұмыстарына 60-қа жуық адам қатысып, екі арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, Сарыаға ауданында тазалық аптасы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Аудан аумағында жыл басынан бері жалпы 75 сенбілік өткізілді. Сенбілік барысында 500 көше, 161 шақырым аяқжол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 37 аялдама, 34 саябақтар мен скверлер, 47 спорт алаңшасы ретке келтірілді. Тазалық жұмыстарына жалпы 20 мың адам қатысып, 343 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 676 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Арыс қаласында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Тазалық жұмыстар қала әкімінің жіті бақылауында. Бүгінде Арыс қаласына кіреберісте орналасқан «Дендросаябаққа» жаңадан автоматты суғару жүйелері орнатылды. Аталған жұмыстарды «Kazakh Real Stroy» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырды.
Алдымен мұнда арамшөптерді ору жұмыстары жүргізіліп, саябақ ішіне санитарлық тазалық жұмыстары атқырылды. Енді міне, автоматты суару жүйелері іске қосылды.
Аумағы 12 гектарды құрайтын әсем саябақ алдағы уақытта қала тұрғындарының саялы демалыс аумағына айналмақ.