Бүгін республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтіп жатыр. Байқаудың ашылуында сөз алған облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң қазылар алқасының мүшелері – белгілі әнші Саят Медеуов пен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаровпен бірге «Артымда қалсын – асыл сөз» жыр жауһарлары кітабының тұсауын кесті.
Түркістан облысында Қазығұрттың кешегі көмулі тарихында қалып, тасада елеусіз жылдар мен тағдырлы күнтізбенің тасасында қалған – Төлеш ақынның еңбектері табылды. Жыр-дастандары жазылған қолжазбалар бүгінгі күнге Сақы Арынбекұлы арқылы жеткен. Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы шығарған аталмыш кітаптағы шығармаларды орталық маманы Аязбек Рүстемов пен Арқалық Әмәлият төте жазудан аударма жасап, жинақтаған.
Сақы Арынбекұлы мен Төлеш ақын – бір атаның балалары. Жасының кішілігі мен заманының кейіндігі бар Сақы ағасы Төлештің мұраларын өзі көшіріп жазып алған. Оның ұрпағына зияны тимесін, тиер таяғы болса кәрі аяқ маған тисін деген ізгі ниетпен өзінікі ретінде жұртқа таратып келген. Сол мұра арқылы халық ортасында Сақы Арынбекұлы да ел аралап, жер аралап, той-томалақ, жиын-отырыстың ортасында әуенімен, қиссасымен ел-жұртқа жария етіп отырған.
Бұған ақынның шығармалары, қолжазба нұсқалары нақты мысал бола алады. Төлеш ақынның мұралары жалпы үлкен екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – дастандар. Оның түгеліне жуығы діни бағытта, яғни Пайғамбарымыздың дінді насихаттау барысындағы кәпірлермен соғыстары. Сонымен қатар сол кездегі батырлардың ерлігі және түрлі аңыздарды арқау еткен тарихи-әдеби туындылар да қамтылған. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен сол кездегі совхоз, колхоз өмірімен қоса халықтың жай-күйін суреттеген де бірнеше дастаны бар. Ал екінші бөлігі – өлеңдер. Соның ішінде өсиет, бата, арнау, лирика бар. Бұл Төлеш ақынның және Сақы Арынбекұлының нағыз қалам қуатын көрсеткен, ақын ретінде таныта алатын нағыз мұралары деуге болады.