Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясына белсене қатысқан Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындары санитарлық жұмыстарын жыл соңына дейін үздіксіз жалғастыратынын айтады.
Округке қарасты Мырзашөл елді мекенінде өткен бүгінгі сенбілік жұмыстарына 300-ге жуық адам мен 7 техника жұмылдырылып, жол бойлары мен гүлзарлар, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазаланып, көшелер мен арық-атыздардан 30 тонна күл-қоқыс шығарылды.
– Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Осы орайда, ауданның барлық тұрғындарын тазалықты сақтауға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Сенбілік тек белгіленген күндері ғана емес, күнделікті жүргізіліп тұруы керек. Ол үшін әрбіріміз өз ауламызды, үйіргелік жерлерімізді таза ұстауымыз керек, – дейді Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Қаршыға Ақтөреева.
Мырзашөл елді мекенінде өткен бүгінгі туған жерді түрлендіріп-көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау ісіне тек мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар ғана емес, округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары мен шекара шебін күзеткен сарбаздар да белсене қатысты. Ал Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік жұмыстары жалғасын тапты. Ауданда тазалық аптасы тұрақты жүргізіліп келеді. Тазалықты жанына серік еткен саурандықтар бүгін де сенбілік жұмыстарына белсенді қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Тазалық жұмыстары Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекені, Жаңа мектеп көшесінің бойында ұйымдастырылды. Қызу тазалық жұмыстарына 142 азамат бір кісідей атсалысты. Әр ұжым өздеріне бөлінген 1,2 шақырым көше бойының арам шөптерін шауып, 1 шақырымдық жаяу жүргіншілер жүретін жолдың шеттерін әктеді.
Сонымен қатар аталмыш көше бойындағы қураған ағаштар, арам шөптер шабылып, нәтижесінде 33 тонна қоқыс шығарылды. Оған 4 техника жұмылдырылды. Сенбілікте елді мекендегі жол бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары қолға алынды. Көше бойы түгел сырланып, әктеу жұмыстары қатар жүргізілді. Айта кетейік, алдағы уақытта аудан көлемінде сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.