Бүгін Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Түркістан облысына арнайы жұмыс сапармен келді. Іссапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастап, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өз кәсібін бастаған азаматтардың жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті.
Ең бірінші кезекте Жаңа Иқан ауылдық округінде болып, Ибата елді мекенінде Жасур Муминовтың 240 шаршы метр жерге өсіріп отырған балық шаруашылығымен танысты. Өз кәсібін 2023 жылдың қыркүйек айындап бастап, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз тіршілігін бастаған. Кәсіпкер 2,5 пайызбен 8,5 млн. теңге алған. Балықтың «форель» түрін өсіруде. Бүгінгі таңда төрт бассейінде балық өсіріп, 6 айда 2 тонна, жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Өзімен бірге 4 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін айтып, бұйыртса алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұдан соң Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана цехына ат басын бұрды. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова 2023 жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Жолдасы Алберт Муслимовтың айтуынша «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік, қазіргі таңда отбасымызбен нан жауып, халыққа қызмет жасап келеміз, – дейді. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарып, дүкендерге өткізеді. Қазіргі таңда өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс жасауда. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі – сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Ералы Лұқпанұлы Оранғай ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сейтходжайева Нигораның 0,80 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге несие алған кәсіпкер, қазіргі таңда жылына 4 тонна қияр өнімін алады. Жылыжай кешені толықтай тамшылатып суару жүйесі арқылы жабдықталған. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында 7 млн. теңге қаражат алып, өз кәсібін жандандырып отырған жеке кәсіпкер Бахадир Исрайловтың ірі қара мал бордақылау алаңына да арнайы барып көрді. «Рустамбек» шаруа қожалығы аталмыш жоба аясында 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар, ауылдық округте жер жырту мен дәрілеу қызметтерін қатар атқарады.
Бабир Насиров 5 млн. теңге қаражат алып, дәнекерлеу цехын ашқан. Бүгінде өндіріс орны кеңейтіліп, цехтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Бүгінде 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Абдусардар» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен Сауран ауданына өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып келеді.