Түркістан музыкалық драма театрынының ІІІ маусымы жабылды. Ел көңілінен шыға білген Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымы сахналанды.
Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған бұл шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын әлі жойған жоқ. Шығарма тұңғыш рет 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрсетілді. Қазіргі күні қазақстандық театрлардың басым бөлігі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін қойды десек қателеспейміз.
Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.
Қойылымның инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин. Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас әртістері мен еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдады. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Дәрия Жүсіп, Қонысбек Бегайдаров пен Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты әртістері бар. Қойылымның бас кейіпкерлері Нигора Рабина Белгібаева, Нүктебекті Қадыржан Төреханов сомдады.
Айта кетейік, облыс орталығындағы театр ұжымы ІV маусымын қыркүйек айында ашады деп жоспарланып отыр.