Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік қызметшілерге артылған жүк пен халық сенімі жоғары. Қоғам мен мемлекет арасындағы үлкен байланысқа дәнекер болып, оны жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер. Жыл сайын аталып өтілетін бұл мереке мемлекеттік қызметкерлердің мерейін өсіріп, қызметіне деген жауапкершілігін одан әрі арттыра түседі. Сондықтан да олардың мәртебесін көтеру үшін, мемлекеттік қызметшіні құрметтеу үшін аталып өтілетін бұл кәсіби мерекенің маңызы зор.
Осы даталы күн ауданымызда да аталып өтіп, шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ермек Усербаев мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез-келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық – саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет,- деді Жансұлтан Әділжанұлы.
Шарада өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, қызмет барысында белсенділік танытқан мамандар аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марпатталды.
Жыл басында «Отырар спорт клубы» КММ-ның ұйымдастыруымен аудандағы мемлекеттік мекемелер арасында кіші футболдан «QYZMET CUP» біріншілігі бастау алған болатын. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараға 300-ге жуық қызметкерлер қатысып, 20 команда бақтарын сынады. Тартысты ойында «Отырар спорт клубы» КММ – ІІІ орын, Отырар ауданы әкімінің аппараты – ІІ орын, Отырар аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі – І орын иегерлері атанды. Мерекелік жиында аталған жеңімпаз командалар марапатталып, медальдар табысталды.