Жастар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатысты, олар қоғамның ең белсенді мүшелері. Қазіргі таңда әлемге жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Біздің елімізде, оның ішінде ауданымызда жастарға үнемі көңіл бөлініп, бастамаларына қолдау жасалып келеді. Жастарымыз қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, өздерінің білімі мен біліктіліктерін көрсетуде.
Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы, оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз.
Ендеше еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап, қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани-адамгершілік, саяси интеллектік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге аудан жастарымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуге “AMANAT” партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Умбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жәнібек Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы қатысты.
Жиында бүгінгі буын өкілдерін алаңдатқан мәселелер талқыға түсіп, еркін форматта ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Байтілесов жастар арасындағы есірткі мен улы заттардың заңсыз айналымы, лудомания мәселелер бойынша бүгінде қолға алынған заң жобаларына тоқталып, кеңінен түсіндірді. Халық қалаулысы жастарды ел болашағына тұтқа боларлықтай тұлғаға айналуға шақырды.
– Сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Мен де Сіздер сияқты жас буын өкілімін. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген,-деп мәжіліс депутаты мемлекеттік жастар саясатында атқарылып жатқан іс-шараларды баяндап, мемлекет тарапынан жастарға арналған мүмкіндіктерді атап өтті.
Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.