Түркістан NIS-те алғашқы бітірушілер мектептен түлеп ұшпақ. Түркістандық түлектер әлемнің үздік университеттеріне шақырту алды. Түркістан қаласында орналасқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бітіруші түлектері үлкен жетістіктерге жетуде. Нақтырақ айтқанда, 12 «К» сыныбының оқушылары – Гайдаенко Алихан мен Каримжанова Дильнура әлемдік университеттердің QS рейтингісінде топ 50-ге кіретін беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Гайдаенко Алихан Канаданың Ванкувер қаласында орналасқан Британдық Колумбия университетіне (UBC) қабылданды. Бұл білім ордасы – Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, білім беру мен зерттеулер саласындағы көшбасшы. UBC ғылым мен технология саласында білікті мамандар дайындайды. Ал, Каримжанова Дильнура Азияның үздік университеттерінің бірі – Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақырту алды. PolyU – әлемге танымал инновация және технология орталығы. Бұл оқу орны болашақ мамандарды заманауи ғылым мен өнеркәсіптің ең озық талаптарына сай дайындайды. Айта кетейік, биыл Түркістан NIS-те алғашқы бітірушілер мектептен түлеп ұшпақ. Қазіргі таңда оқушылар сыртқы жиынтық бағалау емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу рәсімдеріне қызу дайындық үстінде.
Ал өткен жылы Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Абдурахманов Ислам әлемнің 40 университетіне грант жеңіп алды. Ол БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атануғ мүмкіндік алған. Ислам 7-ші сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізді. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысты. Соның аясында қалалық және облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстарда алтын мен қолаға қол жеткізді.
«8-сыныпта айти саласына қызығушылығымды оятып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты жарыстан алтынға қол жеткіздім, осы іс шарада алған тәжірибем Қазақстандағы білім олимпиадасынан. бірінші орын иеленуіме себепкер болды. 9-сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының «Eco Turkistan» клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе ала отыра, Кентау қаласында өзімнің «Green Team» атты жеке эко клубымды аштым», – дейді ол.
11 сыныптан бастап жоғары оқу орнына түсуді қолға алған Ислам әлемнің 6 елінен 40-тан астам университетінен шақырту алып, облыстың абыройын асқақтатқан еді.