Түркістан облысынан барған арнайы жұмысшы топ мүшелері бүгін Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы университеттің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми зерттеу орталығы, «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы, “Парасат” жатаханасы және IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі университеттің ірі құрылымдық бөлімшесінде болды.
С. Аманжолов университеті Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарынан жастарды қабылдап, жоғары білім мен мол мүмкіндіктер ұсынып келеді. Студенттер үшін тегін жатақхана, дәрігерлік қызмет, шәкіртақы және жолақы төлеу сияқты қолдаулар қарастырылған.
С. Аманжолов университетінде 472 студент «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Түркістан облысынан 201 студент, Қызылорда облысынан 91, Алматы облысынан 150, Жамбыл облысынан 26 және Маңғыстау облысынан 4 талапкер білім алуда.
Кездесу соңында университет пен арнайы топ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Иманғали Жұмабай, Ақпараттық жүйелер мамандығының студенті: “Өскеменге келіп оқуға түскеніме өкінбеймін, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өзге өңір жастарын да осында шақырамын!”
«Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша 23 мамандық бойынша жоғары білімді кадрлар дайындалады. Өткен жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 100% орындалып, жастардың 85%-ы Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа орналасты.
«Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылдан бастап жұмыс істейді.
Бағдарлама мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.
«Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды.
Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Серпін жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады.
ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде, 50 баллдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 баллдан төмен болмауы тиіс. Ал, колледждер үшін ҰБТ және кешенді тестілеу тапсыру шарты жоқ. Колледждерге түлектер конкурс арқылы түсе алады.