Notice: Trying to get property 'child' of non-object in /var/www/vhosts/basmedia.kz/httpdocs/wp-content/themes/папка (2)/class/ContentTag.php on line 45
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен, Жетісай аудандық Прокуратурасы мен аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен пробациялық есепте тұратын жастар арасында кіші футболдан турнир болып өтті.
“Лудомания-қоғам дерті” атты ұранмен өткен спорттық сайыстың мақсаты – түрлі себептермен тағдыр тәлкегіне түсіп, аңдамай шалыс басқан азаматтарды қоғамға бейімдеу, салауатты өмір салтын насихаттап, өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыру, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, қайырымдылық іс-шараларға жұмылдыру, сонымен қатар, есірткі тұтынудың зияндылығы мен зардаптарын ұғындырып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына оң ықпал ету.
Турнирдің ашылу салтанатына Жетісай ауданы Прокуратурасының прокуроры, аудандық пробация қызметінің қызметкерлері қатысып, жасыл алаңға шығатын жастарға сәттілік тіледі.
Бекітілген ережеге сәйкес бірнеше топқа бөлініп футбол ойнаған 5 команда жастары да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. Жүлделі ІІІ орынды «Жетісай» командасы иеленсе, ІІ орынға «Тұлпар» командасы табан тіреді. Ал, жүлделі І орынды «Қыран» құрама командасы қанжығасына байлады.
Ойын соңында үздік шыққан командалар мен жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылардың кубогімен, дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Еске салсақ, осыған дейін Келес ауданында «Лудомания – қоғам дерті» атты облыстық форум өткізілді. Аталған шараға Түркістан облысының аудан, қалаларынан 400-ге жуық жастар қатысты. Форумға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаев сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырды.
Түркістан облысында алғаш ұйымдастырылған форумға көпшілікке «Жайдарман», «Азартник» сериалдары арқылы танылған Нұрсұлтан Мейірбек, Ғани Беркінбаев, Бағлан Шеріпбаев және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қатысып, психоәлеуметтік мәселелер салдарынан туындайтын ойынға құмарлықтың статистикалық көрсеткіші бойынша нақты деректер келтіре отырып баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Еркін форматта өткен форумда қатысушылар қонақтарға сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.
Форум аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ойынқұмарлық алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында эстафеталық сайыс өтті.
Жарысқа облысымыздың аудан, қалаларынан 11 команда қатысып, спорттың қол күрес, жүгіру, белтемірге (турникке) тартылу, арқан тартыс бойынша сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Сарыағаш жастары иеленсе, 2-орынға Төлеби жастары ие болды. Ал 3-орынды қазығұрттық жастар алды.