Бүгінде Түркістан облысында жомарт жүректі азаматтар қайырымдылық шараларына белсене қатысуда. Мысалы, әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларға көмек көрсету үшін Ордабасы ауданындағы бірқатар үкіметтік емес ұйым белсенділері және мешіт жамағаты қайырымдылық шараларын өткізді.
Мақтаарал ауданы Атакент кентінің тұрғыны, «Пионер грайн продукт» ЖШС-ның Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарындағы өкілі, жеке кәсіпкер Нұржан Тоқжігітов 700 қап ұнды мұқтаж жандарға тегін тарату үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан дайындалған қоймаға табыстады. Жалпы салмағы 17,5 тонна болатын ұн Мақтаарал ауданындағы 2 кент пен 9 ауылдық округтегі аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға берілетін болады.
Ал «Үлес» қайырымдылық қоры тағы екі мұқтаж отбасыға баспана сыйлаған болатын. . Бұл қайырымдылық қоры осымен өңірдегі 45-отбасыға баспана беріп, мұқтаждарды қуанышқа бөледі. Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұлағатты ұстаз Райымжан Қошқаров жұртшылыққа «Үлес» қоғамдық қоры арқылы жасаған қайырымды істерімен де жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор 14 жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді.
Қуанышқа кенелген отбасының бірі – түркістандық Ф.Ахметжанова. Оның 3 ұлы, 1 қызы бар. Жолдасы көлік апатына ұшырап, қаза тапқан. Төрт бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған жалғызбасты ана қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Ал ақсақалдар құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ баталарын берісті.
Аталған қордың көмегімен екінші баспана Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылындағы мұқтаж отбасыға берілді. Осы ауылдың атымтай жомарттары мен 2004 жылы бітірген мектеп түлектері бірлесіп, ескі үйдің орнына жаңа баспана салып берген. Шаңырақ иесі Ә. Хайдаров жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын жеткізіп, «Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын, әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпесін» деген тілегін айтты.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бекер айтылмаған. Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырықтан аса үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қаншама жандарға бердік. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің достарымның, шәкірттерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің ынтымағының нәтижесі», – дейді игі істің басы-қасында жүрген «Үлес» қайырымдылық қорының басшысы Райымжан Абдусаттарұлы.
Бүгінде «Үлес» қайырымдылық қорының 300-ге жуық мүшесі бар. Олардың басым бөлігі – он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни қайырымды жандар тікелей жұмысынан тыс уақытта салынып жатқан құрылысқа келіп қолұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде қайырымдылық акциялардың, демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ, бірліктің нәтижесінде имандылық ұйыған Түркістан облысында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылып келеді.
Бұдан өзге, Түркістан облысы Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде игілікті шара өтті. Құмтүйін елді мекенінің 1987 жылы туылған азаматтардың бастамасымен тұрғын үй тұрғызылып, мұқтаж отбасыға баспана берілген еді.
Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, жеке кәсіпкерлері бірлесе ұйымдасты.
Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар жеткілікті. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау – ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз.
Түркістан облысында қайырымдылық шаралары әртүрлі бағыттарда жүргізілуде. Қайырымдылық – қоғамдағы әлсіз топтарға көмек көрсетудің маңызды құралы,- деп хабарлайды turkistan.today
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасында қайырымдылық қызметінің құқықтық негіздері анықталған. «Қайырымдылық қызмет туралы» заңда қайырымдылық ұйымдарының қызметі, олардың құқықтары мен міндеттері, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру тәртібі көрсетілген. Бұл заң қайырымдылық қызметін жүйелендіруге және оны жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайырымдылық қызметі қолдау табады. Түркістан облысында әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру салаларында қайырымдылық шараларын қолдауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалар қайырымдылық ұйымдарына қаржылық және материалдық қолдау көрсетуді талап етеді.