Түркістан облысы еліміздегі халық көп шоғырланған, жастары да, жұмыс күші де көп өңір. Сондықтан болар, кей азаматтар жоғары дәрежедегі бәсекелестікке төтеп бере алмай, не жоғары білімсіз, не жұмыссыз күй кешіп жүреді. Ал Солтүстік өңірлерде керісінше, жоғары оқу орындарындағы гранттар иесіз қалып, жұмыс күші жетіспей жатады. Сол себепті бірнеше жыл бұрын елімізде «Серпін» бағдарламасы қолға алынып, оңтүстіктегі ауыл жастарына жұмыс күші тапшы аумақтарда білім беріп қана қоймай, сол жақта жұмысқа орналастыру бағытындағы үрдіс қарқын алған. Бастапқыда бағдарлама жоспары толық орындалмағанымен, бүгінде мемлекеттік жобаның тиімділігі артып келе жатыр.
Түркістан облысындағы аудан, қалаларды аралап, бағдарламаның пайдасын түсіндіріп жүрген «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының сөзіне сүйенсек, бұған дейін «Серпінмен» оқып бітірген жас мамандар өздері білім алған аймақта үш жыл жұмыс істеуі керек болған. Ал қазіргі уақытта еліміздегі жұмыс күші жеткіліксіз 11 өңірдің кез келгенін таңдай алады. Оған қоса, жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, қызмет ету мерзімі екі жыл болып бекітілген екен. Мемлекеттік оқу гранттары Ақмола, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы университеттерге бөлінген.
Дегенмен, жасыратыны жоқ, бұл бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді. Олай деуге 2014 жылы іске қосылған «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген оқу гранттарының соңғы жылдары толық игерілмеуі себеп болып отыр. Атап өтсек, 2018 жылы бағдарлама аясында бөлінген 5089 гранттың 3426-сы ғана игерілсе, 2019 жылы бөлінген 5109 орынға 2292 ғана талапкер қабылданған. Ал 2020 жылы қарастырылған 5107 грантқа 979 ғана студент қызығушылық танытса, 2021-2022 оқу жылына 5156 квота бөлініп, 2102-ақ түлек грант иегері атанған. Жалп, бағдарлама аясында 2018-2021 жылдары аралығында 7707 студент жоғары білім алып, олардың 5526-сы жұмысқа тұрған. Қысқасы, жастар бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін толық пайдаланып жатқан жоқ.
Бұл туралы облыстық, аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталығы» директорларымен кездескен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев те айтып, қарапайым әрі нақты мәліметтерді жеткізу жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Оның айтуынша, «Серпін» сынды бағдарламалар аясында бөлінген гранттардың игерілмеуі бойынша мәселелерді қозғап, жастардың қызығушылығын арттыруда орталықтардағы жауапты мамандар белсенділік танытуы керек.
«Жастар ресурстық орталықтарының» атқаратын міндеті – ағымдағы іс-шараларды өткізумен шектелмейді. Мемлекеттің жастардың дамуы үшін іске қосып жатқан әрбір бағдарламасын өңірдің әр жас азаматына түсіндіру, талаптары мен ережелерін ұғындыру басты қағидасы болуы тиіс. Сол арқылы оларды бизнес пен еңбекке тарту, жетістікке жетелеу, жаңа идеяларды ұсынуға ынтасын ояту керек. Бұл істе алдымен өздеріңіз бағдарламалармен танысыңыздар. Одан кейін аудан, қаладағы жастарға мақсат қойып, алға ұмтылуына көмек көрсетесіздер. Түркістан өңірі грант немесе қаржы бөлу тұрғысынан республикада алдыңғы қатарда болғанымен, жобаларға қатысушы жастар толық қамтылмай отыр. Облыстағы колледжерге былтыр 11 мыңнан астам грант бөлініп, толық игерілмей, 6 мыңы қайтарылды. Биыл жобамен 15 мыңдай грант қарастырылып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өседі. Бұл – бір ғана мысал. Биыл түркістандық жастарға 2,5 пайыз жеңілдікпен 2,9 млрд теңге таратылады. Оны шамамен 600-дей жас алуы қажет болса, бүгінге дейін 89 жас кеңес алуға барып, оның 57-нің ғана құжаты комиссия қарауына өткен. Мүмкіндікті пайдаланыңыздар, жұмысты күшейтіңіздер», – деген Бейсен Дәулетұлы өз сөзінде.
Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен жастар саясатын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңаша форматқа көшіп, жұмыс тәсілі өзгертілген. Бұл әрекеттер өз жемісін беруде. Өңірде 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 353 немесе халық санының 30%-ын құрап отыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсету, жастар саясаты саласындағы жұмыстарды жандандыру – уақыт талабы.
Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, NEET санатындағылар үлесін төмендету, сондай-ақ ауылдағы жас буынды қолдау қарастырылған. Бұл мәселе облыс әкімдігінің апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Ауқымды іс-шараларды облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда, елді мекендерде де тұрақты өткізу керек. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді жедел анықтап, алдын алу және профилактикалық жұмыстарды жандандырыңыздар. Екіншіден, колледждерге бөлінген мемлекеттік грант иегерлері талапқа сай білім алып, мамандыққа ие болулары керек. Оқу барысын қатаң қадағалаңыздар. Жастарды жан-жақты қолдау жалғасады, – деді облыс әкімі.
Бұрын «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмысында іс-шаралық формат басымдыққа ие болса, қазір орталық қызметкелері елді мекендер мен қалаларды аралап, замандастарымен етене жұмыс жүргізуде. 2023 жылы NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 38 757 жасты жұмыспен және оқу гранттарымен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаларға жалпы 31236 жас тартылған.
2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 33 252 (46,1%) жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 10 016 (47,5%) адам жолданып, жұмыспен қамтылды. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1989 өренге жұмыс орны бөлінген. Есептік кезеңге сәйкес, бағдарлама бойынша 955 жас қамтылған.
«Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына республикаға 3653 грант берілген болатын, соның ішінде қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша аудан, қаладан 864 талапкер жіберілді. Бұл бағытта да жұмыс жалғасып жатыр.
Түркістан облысының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% несие беру бойынша 2023 жылы 594 жасқа несие беру жоспарланып отыр, жалпы қаражат көлемі – 2 млрд. 970 млн. теңге. Қазіргі таңда, облыс көлемінде аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталықтарына» бекітінген апталық жоспарға сәйкес 2,5 пайыздық шағын несие бойынша 325 кездесу және ашық есік күні өткізілген. Бүгінгі күнге дейін несие бойынша 648 өтінім беріліп, 407 өтінім комиссия мүшелерінен өтіп, оның ішінде 172 жас несие алған.
Жастар арасында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу мақсатында кездесулер, семинар-тренингтер тұрақты өтуде. Талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін 1958 іс-шара өткізіліп, 130 678 жас қамтылды. «Өз кәсібіңді аш» атты тақырыбында TEDx форматында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған экскурсиялар, танымал кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, жыл басында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі премьер-министр Әлихан Смайыловтың ескертулерін негізге ала отырып, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын қайта пысықтап шыққан болатын. Сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ҚР Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімдерімен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, құжатқа біраз өзгеріс енгенін хабарлады. «Атап айтсақ, индикаторлар саны 10-нан 12-ге, кешенді іс-шаралар саны 72-ден 80-ге артты. Тұжырымдаманың негізгі идеясы – «Жастар үшін» парадигмасын «Жастармен бірге» бағытына ауыстыру. Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 7 бағыттан тұрады», – деді Дархан Қыдырәлі.
Тұжырымдамаға «Жастар және ауыл», «Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға атсалысу», «Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие», «Салауатты өмір салты», «Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік», «Ақпараттық кеңістік» және «Оқу-ағарту мен мәдениет» атты жеті бағыт енген.
Тұжырымдаманың «Жастар және ауыл» бағытына сай, ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылмақ.
Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдаманың осы бағытындағы шаралардың арқасында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген.
Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастарды дамыту индексін енгізу. 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көзделуде.
Сонымен қатар тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30%-ға дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. 2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын 1,5 млн жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылады
– 2023 жылы «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикаға бөлінген 3 653 гранттың 983-не Түркістан облысының талапкерлері ие болды. Жалпы аталған жобаға түркістандық жастардың қызығушылығы жоғары. Айта кететін жайт, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Биыл да 1 мыңнан астам маман бітіруші түлектерге бағдарлама аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстар басталып та кетті,- дейді Ернар Нұралыұлы.
Сондай-ақ, брифинге қатысқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қабылдау комиссиясының басшысы, «Серпін» штабының жетекшісі Лейла Байжұманованың айтуынша, бүгінде Түркістан облысының аудан-қалаларында бағдарлама бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, спикер аталған оқу орнында биылғы жылға 700 гранттың бөлінгендігін, оның 200-і «Серпін» бағдарламасы аясында берілетіндігін айтты.
Айта кетсек, аталған жобадағы Түркістан облысы жастарының үлесі – 2018 жылы жалпы берілген 5 000 гранттың 67,3%-ын, 2019 жылы 5 100 гранттың 45%-ын, 2020 жылы 5 100 квотаның 2 100-ын құрады. Сонымен қатар, 2021 жылы 5 600 грантқа 979 студент, ал 2022 жылы 3 600 грантқа 1 мыңға жуық оқушы «Серпін» бағдарламасының қатысушысы атанған.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлерінен құрылған топ, “СЕРПІН – 2050” бағдарламасы аясында Семей қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесу өткізіп, ондағы оқу бағдарламасы және жұмыс барысымен сондай-ақ жатақхана жағдайымен танысып, білім алушы студенттер үшін қарастырылған мүмкіндіктер жайында сұқбаттасып, пікір алмасты.
Бүгін, ЖОО «Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті» білім беру мекемесінен бастау алды. Шәкәрім университетінің 5 факультетінде жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистрант, докторанттар бакалавриаттың 45 мамандығы бойынша, магистратураның 37 мамандығы және 10 мамандық бойынша PhD докторантурада білім алуда.
«Серпін-2050» бағдарламасының негізгі мақсаты — халқы тығыз орналасқан Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Яғни оңтүстік мектеп түлектері Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы беделді мемлекеттік университеттерде білім алатын болады.