Бүгінгі жас буынға саналы тәрбие беру жолында аудан ардагерлерінің алатын орны айрықша. Солардың бірі ретінде, Сайрам ауданы бойынша Таулы Қарабах ұрыс қимылдарының ардагерлер мен мүгедектер одағы төрағасы Бахтияр Батаевты айрықша атап айтуға болады.
Бұған дейін Сайрам ауданында лайықты бағасын алған атпал азамат Бахтияр Сейдаханұлына бұл жолы туған өлкесі Түлкібас Ауданының Әкімдігі сый-құрмет танытты. Салтанатты жиын «И.Рыбалко» мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында өтті. Аталған шара «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран!» тақырыбында ұйымдастырылды.
Саналы ғұмырларын мемлекеттік және қоғамдық қызметке сарп етіп келе жатқан абыз ардагердің тағылымды кешіне Балықты ауылының әкімі Дастан Жаналиев ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Мықтыбек Айтубаев, зейнеткер ұстаз Пархат Шарипов және 10-11 сынып білім алушылары қатысты.
Кездесуде алғаш сөз алған мектеп директоры Бауыржан Момышев барша қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бұдан бөлек, жастарға «И.Рыбалко» мектебінің 1985 жылғы түлегі Бахтияр Батаевтың жүрген еңбек жолдарын таныстырды. Және биыл 16 қазанда елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қомақты үлес қосып келе жатқан ардагердің Мемлекет басшысының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын насихаттады. Сондай-ақ, жас ұрпақтың тәрбиесін жетілдіруді ертеңгі сапалы өмір кепілі санайтын қоғам жанашырына шапан кигізіп, арнайы Алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде, Бахтияр Батаевпен бірге барған құрметті қонақтар Сайрам аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімше бастығының көмекшісі Шарафудин Ануарбеков, Төлеби Аудандық Білім Бөлімінің әдіскері, полковник Ауезхан Алимбеков, Леңгір қаласы №1 әскери мектеп-гимназиясының әскери жетекшісі, подполковник Сапарғали Түймебеков, Жамбыл облысы Таулы Қарабах ардагерлер төрағасы Даурен Изтлеуов пен Төлеби Ауданы Таулы Қарабах ардагерлер төрағасыЖолдыбаев Нұржігіт мырзалар аталмыш басқосудың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, мектеп әкімшілігіне алғыстарын білдірді.
Бұдан соң мектеп оқушылары Отан қорғаушыларымыздың алдында өз өнерлерін паш етті. Салтанатты шара соңында шәкірттер қатысушы қонақтармен Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бірге шырқап, өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық сезімін оятты.