«AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының ұйымдастыруымен Базарқақпа елдімекенінде есеп беру жиыны өтті. Іс-шарада Еңбекші ауданы прокуроры Серік Әбдиев және аудандық полиция басқармасының басшысы Жандос Бейсенов өздерінің атқарған жұмыстарын баяндап, аудан тұрғындарына құқықтық тәртіп пен заңнамалардың сақталуы туралы маңызды ақпараттар ұсынды. Олар тұрғындарға заңды білу мен сақтау маңыздылығын, сондай-ақ құқықтық қауіпсіздік шараларының тиімділігін түсіндірді. Аудандағы құқықтық ахуалдың тұрақтылығы мен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстар ресми статистика арқылы нақтыланды.
Жиынға Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол, «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков, сондай-ақ басқа да жауапты қызметкерлер қатысты. Олар партияның қоғамдық мәселелерге араласу рөлін және халықпен байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жиында аудан тұрғындары өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын білдіріп, қойылған сауалдарға жауап алды. Бұл ашық әрі пайдалы диалог тұрғындардың белсенділігін арттыруға және олардың мәселелерін шешу жолдарын іздеуге ықпал етті.
Жиын соңында, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Заң саласының мамандары жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың арыздары мен шағымдарын тыңдады. Шараға келгендердің арасында алаяқтықтың арбауына түскендер мен заңсыз әрекеттерге тап болған азаматтар да болды. Қабылдауда әрбір азаматтың мәселесі жеке қаралып, оларға тиісті заң аясында құқықтық көмек көрсетілді. Мұндай қоғамдық қабылдау шаралары азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және құқықтық көмекке жүгіну процесін жеңілдетуге бағытталған.
Бұл шара «AMANAT» партиясының халықпен ашық қарым-қатынас орнатудағы және азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде өз міндетін адал атқарудағы ұстанымын тағы бір рет айқындады. Партияның мұндай бастамалары халықтың сенімін арттыруға және еліміздің құқықтық жүйесінің нығаюына өз ықпалын тигізеді.