Аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округіне барып, бірқатар құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен, Мәдениет елді мекенінде бой көтеріп жатқан мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысымен танысып, мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Бүгінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан нысанның іргетасы қаланып, кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысында 2024 жылы өткен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының нәтижесі бойынша жүлделі орынға ие болған ауылға бюджет есебінен 1 әлеуметтік нысан салуға арнайы қаржы бөлінген. Байқау нәтижесі бойынша Тегісшіл ауылдық округі жүлделі ІІ орынға ие болып, бүгінде Мәдениет елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы басталды.
Онан соң балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылыс сапасын бақылап, мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті. Бүгінде балалар алаңшасы және кіші футбол алаңшасына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Жылға елді мекенінде ауыз су құбырлары тартылып, аталған елді мекен және Шеңгелді елді мекенінің тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мақсатында мердігер «Ремстрой» ЖШС-і тарапынан табиғи газ құрылысының жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл- ел бесігі» ұлттық бағдарламасы аясында заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, тұрғындар игілігіне табысталды. Жылға елді мекендерінде бір ауысымда 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, Шымырбай елді мекенінде фельдшерлік амбулатория салынды. Жылға елді мекенінде арнайы күл-қоқыс тастайтын 3 га полигонына қоршау жұмыстары жүргізіліп, жолына тас төселді. Ауылдық округке қарасты 3 елді мекенде ашық спорт алаңшасы және варкаут салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Шеңгелді елді мекенінде электр желісі тартылып, жаңадан 6 дана трансформатор қондырғысы орнатылды. Шеңгелді елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 954 метр тереңдікте жерасты су қорын анықтау-барлау жұмыстары, Қарақалпақ елді мекеніндегі пайдаланудағы су ұңғымасына күрделі жөндеу жұмыстар жүргізілді.