Түркістан облысында биыл алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерлерде 7500-ден астам қосымша орын ашылды. Бұл туралы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.
Облыстағы 1-10 сыныптарда білім алатын 439 мыңнан астам оқушының 93,5% жазғы демалыспен қамтылады. Бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерде 41 мыңнан астам бала демалса, қалған 400 мыңға жуық оқушы жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Биылғы жылы жекеменшік лагерлерде жазғы демалыспен қамту үшін 8 ауданнан 11 500 балаға бөлінген қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланып, жеңімпаздары анықталды. Жалпы өңірдегі 10 мемлекеттік және келісім шарт түзілген жеке меншік лагерлерде 35338 бала демалатын болады. Мемлекет тарапынан бір балаға – 59 077 теңгеден бөлінеді. Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоры есебінен 2 465 бала, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына 420 бала, ата-ана есебінен 5000-ға жуық бала жазғы лагерлермен қамтылады. Туристік 1 күндік жорықтар мен экскурсияларға 75 129 оқушы барады деп жоспарлануда»-деді спикер.
Бүгін Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында орналасқан «Urker» жазғы сауықтыру лагеріне алғашқы ордабасылық оқушылар легі аттанды. Жазғы сауықтыру лагеріне бұл жолы Ордабасы ауданындағы Амангелді, Ш.Уалиханов, Темірлан, С.Нұрмағамбетов, Бәйтерек, С.Ысмайылов, Н.Оразбаев және Жусансай жалпы білім беретін мектептерінен 300 оқушы жолдама алып, жазғы демалысты көңілді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алды.
Жыл сайын жаз мезгілінде балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізіліп келе жатқан бұл шара биыл да өз жалғасын табуда. Жергілікті білім бөлімі балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларына ерекше көңіл бөліп келеді.
Жазғы сауықтыру лагерінің мақсаты – балалардың жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық пен ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосу. Лагерлерде балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Тәжірибелі тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері оқушылардың жақсы демалыс өткізуін толық қамтамасыз етеді.