Түркістан өңірінде экологиялық таза энергия көздерін дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту салалары бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды. Түркістандық делегация мен ҚХР компаниялары арасында бірқатар серіктестік кездесулер өтті . Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жұмыс сапарымен Қытайдың ірі экономикалық орталығы — Шанхай қаласына барды. Сапар барысында түркістандық делегация мен KYMS және BEESENERGY сынды Қытайдың жетекші компания басшыларының арасында ресми кездесулер өтті. Кездесуде тараптар инвестициялық әріптестікті нығайту, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және туризм салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, Түркістан өңірінде экологиялық таза энергия көздерін дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту салалары бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды. Қытайлық компаниялар Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Тараптар тиімді серіктестік орнату үшін алдағы уақытта нақты техникалық және инвестициялық келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Бұл сапар Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Еске салсақ, ҚХР-ның Шанхай қаласындағы ғасырға жуық тарихы бар Broadway Mansions қонақ үйінде Visit Turkistan туристік ақпараттық кеңсесі ашылды. Кеңсенің негізгі мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыру және өңірге туристерді тарту. Қазақстан туризмін халықаралық деңгейде насихаттайтын бұл кеңсенің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, ізгі ниетін жеткізді. – Екі ел арасындағы байланыс бірнеше ғасырға жалғасып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл тарихи сабақтастық әлем үшін де маңызды. Біз Қытаймен арадағы осы байланысты іскерлік бағытта жаңғыртып, Түркістан облысының туризмін жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Кеңсеміздің ашылуына үлес қосқан SkyWay туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара аясында Түркістан облысының туризм басқармасы мен China Corporate United Pavilion Group (CCUP) және SkyWay туристік операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қытайлық туристік операторлардың қызығушылығы Түркістанға жаңа туристік ағым қалыптастырады деген сенім бар. Бұл келісім өңірдің халықаралық имиджін көтеріп, туризм саласына инвестиция тартуға және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қос тараптың қолдауымен Шанхайда ашылған кеңсе тұрақты әрі жүйелі жұмыс істейді.
Бұл қадам – өңіріміздің халықаралық имиджін арттырып қана қоймай, мәдени байланыстарды нығайтуға және инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді.