Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасап, жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады.
Өңір басшысына Қабанбай батыр ескерткіші аумағын ретке келтіружобасы таныстырылды. Жоспар бойынша осы аумақта шахмат алаңы, аяқжол, орындықтар мен урналар, қоршау орнату көзделген. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстары күшейтілмек.
Түркістан – бүгінде ірі туристік орталыққа айналып келеді. Сондықтан теміржол бойында да тұрғындарға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте Түркістан теміржолы бойында екі жолаушылар көпірі салынып жатыр. Облыс әкімі солардың бірінде болып, құрылыстың сапасын бақылалды. Мердігер мен техникалық қадағалаушыға сын-ескертпе айтып, жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды.
Жауапты басшыларға осы құрылысты қадағалап, талапқа сай етуді міндеттеді. Аталған көпірлердің біреуінің ұзындығы 117 метр болса, екіншісінің ұзындығы 46 метр болады деп жоспарланған. Құрылысты биыл аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр. Қаржысы бөлінген.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралап, жай-күйімен танысты. Алдымен бірнеше көшені аралап, жол жөндеу жұмыстарын қадағалады.
Облыс әкіміне Қазыбек би және О.Жарылқапов көшелері аралығындағы жол құрылысының барысы таныстырылды. Жолдың ұзындығы – 2,5 шақырым, төрт жолақты. Құрылысы қарқынды жүруде. Қаржысы толық бөлінсе, биыл аяқталады. Тәукехан көшесін жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, аяқжолдар салынады.
Одан кейін Нұралхан Көшеров Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жұмыстарын көрді. Жолдың ұзындығы – 7,4 шақырым, 4 жолақты. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бүгінде 3 463 412,3 мың теңге игерілген. Толық қаржыландыру күтіліп отыр. Бұл жол салынған соң «Бекзат» шағынауданының тұрғындарына өте қолайлы болмақ. Қала орталығындағы жол жүктемесі де азаяды.
Облыс әкімі жол жөндеу саласындағы жұмыстар бойынша қала әкімі мен жауапты орынбасарларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Мәселелер бақылауға алынды.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр.