Қазақстан қоғамының негізгі тірегі – еңбек адамдары. Елдің дамуына, өндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшылардың қажырлы еңбегі назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені олар – табандылық пен адалдықтың, қарапайымдылық пен еңбекқорлықтың шынайы үлгісі. Осындай азаматтардың бірі – Шымкент қаласы қазіргі Қарабұлақ ауылында дүниеге келген Қуат Фазылұлы Қырықбаев.
Қуат Фазылұлы 1969 жылдың 6 сәуірінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы ауылда еңбекке етене араласып өтуі оның болашақ өміріне үлкен ықпал етті. 1976 жылы Карл Маркс атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1986 жылы осы мектепті тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды.
Арада көп уақыт өтпей, жас жігіт еңбек жолына қадам басты. 1987–1989 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскер қатарынан шыңдалып оралды. Әскердегі тәртіп пен жауапкершілік кейінгі еңбек өмірінде айнымас серігіне айналды.
1991 жылы Қуат Фазылұлы «Шымкентмай» зауытына жұмысқа қабылданып, слесарь-жөндеуші қызметін атқара бастады. Бұл – еңбек адамының кәсіби өміріндегі алғашқы үлкен мектеп болды. Өндірістегі күнделікті ауыр еңбек, цехтағы жауапты жұмыстар оның төзімділігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдады.
Әріптестері оны еңбекқорлығы үшін құрметтесе, басшылық сенімділігі мен жауапкершілігі үшін бағалады.
Уақыт өте келе оның еңбегі еленбей қалған жоқ. 1997 жылы ұжым сенім артып, оны бригадир қызметіне тағайындады. Бұл кезеңде ол тек өз жұмысына ғана емес, өзгелерді ұйымдастыруға, ұжымдық еңбекті үйлестіруге де машықтанды.
2012 жылдан бастап дайындық цехының механигі лауазымына ауысып, өндірістегі ең жауапты бағыттардың бірін иыққа алды. Механик ретінде ол цехтағы әрбір құрал-жабдықтың дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, өндіріс процесінің тоқтап қалмауына үлкен үлес қосып келеді. Оның кәсіби тәжірибесі – жас мамандарға үлкен мектеп.
Қуат Фазылұлы – өнегелі отбасының тірегі. Ол – отбасылы, төрт баланың әкесі, төрт немеренің ардақты атасы.
Бүгінде Қуат Фазылұлының еңбек өтілі 33 жылды құрайды. Бұл – бір ғана кәсіпорынға деген адалдық пен табандылықтың айғағы. Өмір бойы бір зауытта еңбек етіп, сол мекеменің дамуына үлес қосу – нағыз тұрақтылық пен жанкештілікті талап етеді. Оның өмір жолы – еңбекке енді қадам басқан жастар үшін тағылымды сабақ.
Бүгінгі кейіпкеріміз – еңбек адамының шынайы бейнесі. Оның қарапайым жұмысшыдан механикке дейінгі жолы – кәсібилік пен адалдықтың, табандылық пен төзімділіктің көрінісі. Осындай азаматтар еліміздің өндіріс саласын дамытып қана қоймай, қоғамға үлгі болып келеді.



