(Фото: shymkent_aleumettik_korgau)
Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетінің өсуі тікелей білікті мамандарға, әсіресе еңбек нарығына енді қадам басқан жас мамандарға байланысты. Соңғы жылдары еліміздегі өндіріс орындарында жастардың белсенді еңбекке араласуы, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы айтарлықтай оң әсер көрсетуде. Олар тек өндірістік процестерді меңгеріп қана қоймай, жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді үйрену арқылы кәсіптік деңгейін арттыруда.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім – еліміздің өндіріс саласында тынымсыз еңбек ететін қарапайым жұмысшыларға, соның ішінде өз кәсіби жолын енді бастаған жас мамандарға көрсетілген үлкен құрмет пен қолдаудың белгісі. Жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын насихаттау арқылы жастардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру, олардың кәсіби шеберлігін дамыту басты мақсат болып отыр.
Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі – Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бағдарлама аясында биыл 1 643 жас уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жоба жас мамандарға еңбек нарығының талаптарын түсінуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ болашақта тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады.
Бағдарлама арқылы еңбек тәжірибесін жинақтап жүргендердің бірі – Нұрсұлу Оразалы. Жас маман қазіргі таңда «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде. Ол 2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алды. Кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасына тіркеліп, ресми түрде жұмыссыз ретінде есепке алынды. Мансап орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, өз мамандығы бойынша жұмысқа жолдама алды.
– Бұл фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезде-ақ ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындау жұмысымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін, – дейді Нұрсұлу Нұржанқызы.
Мұндай практикалық тәжірибе жастарды еңбекке баулудың тиімді әдісі болып табылады. Олар өндірістік процестерді терең меңгеріп қана қоймай, кәсіби жауапкершілікті, табандылықты, шығармашылық ойлауды және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын шыңдайды. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы рөлін насихаттайды.
Осылайша «Жастар практикасы» сияқты жобалар жас мамандарға өз қабілеттерін көрсетуге, жаңа дағдыларды игеруге және өндіріс саласында кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бұл – тек кәсіби біліктілікті арттыруға емес, сонымен қатар жастардың еңбекке деген қызығушылығын оятып, олардың болашақ кәсіби өмірге дайын болуына ықпал ететін маңызды бастама.



