Үшінші мегаполисте Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы. «Birgemiz» атты ІІ #Азаматтық форумы өтті. Жиында азаматтық секторға қатысты көптеген түйткілдер талқыланды.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қоғамды дамытуға бағытталған әрбір жобаның мән-маңызын, өзге де мәселелерді бірлесіп талқылауға дайын екенін жеткізді.
– Қазақстанның бүгінгі жетістіктері елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы орайда әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі зор. Шын мәнінде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асатыны анық. Үкіметтік емес ұйымдардың басты мақсаты – халықпен тығыз байланыста болу. Президентіміз Қ.Тоқаев өз Жолдауында «азаматтық қоғамды дамыту және үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру» жайлы айтты. Үкіметтік емес ұйымдар Шымкентте де бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл тұрғыда олар мемлекеттің сенімді серігі. Бүгінде Шымкентте 800-ге жуық ҮЕҰ жұмыс істейді. Азаматтық қоғам мүшелерінің қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. Азаматтық қоғам қалыптастыру – еліміздің бастапқы бағыты, – деді шаһар басшысы.
«Бұл форумның маңызы неде?» деген сауалға қала әкімінің бірінші орынбасары Shyńǵys Muqan өз ойын былай білдірді.
– Кеңес үкіметі күйреген кезде мемлекет кәсіпкерлікпен айналысатын функцияны кәсіпкерлерге берді. Мемлекет жақсы менеджер емес екенін мойындады. Мемлекет қонақүй, мейрамхана салумен айналыспайды. Мемлекет өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ақырындап азаматтық секторға беріп жатыр. Түбінде мемлекеттің көптеген функциясын азаматтық сектор атқарады.
Шымкентте 840 ҮЕҰ бар болса, соның 100-ге жуығы ғана белсенді. Азаматтық Альянспен тығыз жұмыс істеп отырғаны 33 екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып Азаматтық Альянстың төңірегіне топтассаңыздар, сіздердің дауыстарыңыз да дүркіреп, жететін жерге жетіп жатады, – деді Ш. Мұқан.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігі ҮЕҰ барынша қолдап отыр. Қоғамдық кеңестің 60 %-ы азаматтық сектор мүшелері. Қарап тұрсақ, бұл – үлкен тетік. 2020 жылы 8 лот бойынша 75 млн теңге қаржы қаралыпты. Соның бірі – шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйрететін «Интеллектуалды ұлт» жобасы. Қазіргі таңда 134 мектепте 84 000 оқушы аптасына 1 рет шахмат пәнін оқиды. Міне, осындай жобалар халыққа өте қажет. Азаматтық сектор – халықтың мұң-мұқтажын қорғайтын алтын көпір.