Қазақстанның Азаматтық Альянсы «Қоғамдық бақылау», «Адамның құқығы және заңнамалық мүдделері», «Экологиялық мәселелер және оның шешімдері», «Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделері», «Тұтынушыларды қорғау, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау», «Монополия және бәсекелестікті қорғау», «Білім беру», «Денсаулық сақтау», «Ішкі және сыртқы туризмді дамыту», «Халықаралық ұйымдармен әріптестік және тиімді өзара әрекеттесу», «Өмір сүру ортасын жақсарту, урбанистика» сынды бас аяғы 11 бағыт аясында сарапшылармен бірлесе онлайн диалог алаңдарын өткізіп, өткір мәселелер, зерделі ойлармен пұшымды ұсыныстарды іріктеп алды. Бұл елімізде сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруда жасалған алғашқы қадам. Сарапшылар тізімі де көңіл көншітеді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Расул Жұмалы, Айман Омарова, Айдос Сарым, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахим Ошақбаев, Қазақстан Республикасының Мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Әли Аманбаев, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен, «Серпін» Ұлттық білім және инновация палатасының президенті Мұрат Әбенов, Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева, Қазақстан КВН Одағының президенті Есентүгел Елеукен және әр өңірдің жетекші сарапшылары мен қоғам белсенділері 11 түрлі онлайн диалог алаңдарында бас қосып, түйіткілді мәселелерді тереңнен зерделеп, ой таразысынан өткере білді. Ашық пікірталастардың қорытындысы бойынша арнайы ұсыныстар әзірленіп, барлығы Қазақстан Азаматтық Альянсының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды.
Он бір алаңнан жинақталған ұсыныстар тиісті мемлекеттік мекемелерге де жеткізіліп, қордаланған мәселелердің шешімін табуға тамшыдай болсын үлесін қоспақ. Алдағы уақытта сарапшылар әлі талай өзекті мәселелер аясында бас қосып, жан-жақты талдап, қажетті механизмдерді әзірлеуде бірлесе жұмыс жасамақ.
Айта кеткен жөн, онлайн диалог алаңдары «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Сарапшылар қоғамдастығын дамыту және азаматтық қоғам институттарымен диалог құру жөніндегі шаралар кешенін өткізу» жобасы аясынды өткізілді.
Марғұлан АМАНЖОЛ