Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2019 жылы қайта іске қосылған «Alliance» жіп иіру фабрикасында болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Alliance» жіп иіру фабрикасы жылына 5000 тонна мақта талшығын өңдеп, 4500 тонна иірімжіп өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында қала басшысы Оңтүстікте өндірілетін мақтаның барлығын толығымен Шымкент қаласында өңдеу – үшінші мегаполистің экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
Шымкент қаласы кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше өткен жылы қалада 268 млн. 158 мың теңге көлемінде өнім өндірілген. Сонымен қатар, Түркияға – 127 тонна, Ресейге – 40 тонна, Қытайға – 116 тонна және Румынияға – 13 тонна иірімжіп экспортталған.
Бүгінгі таңда тігін фабрикасында 78 адам жұмыспен қамтылған. Келешекте кәсіпорын басшылығы өнім көлемін арттырып, экспортқа басымдық беруді жоспарлап отыр. Бұл шахардың экономикасын дамытуға ықпал етеді.