Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – «Отбасы банкінің» салымшылары үшін тиімді шарттармен баспаналы болу мүмкіндігі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік кредиттік баспана кезекте тұратын, үйі жоқ салымшыларға да, баспана кезегінде тұрмайтын салымшыларға да ұсынылады.
– «Отбасы банкі» жұмысының екі негізгі бағыты бар: коммерциялық бағдарламалар және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру. Бірінші бағыт бойынша Банк ережелері және «Тұрғын үй құрылыс жинақтары» Заңы бойынша тұрғын үй несиелері беріледі. Мысалы, жаңа немесе екінші нарықтан пәтер алу, үй салу, жер учаскесін сатып алу немесе үйді жөндеу. Осы бағыттарда кепілді және кепілсіз несие ұсынамыз. Мұндай несиені банктен шот ашып, кемінде 3 жыл бойы белгілі бір тәртіппен қаржы салып отырған салымшылар ала алады. Ондай жағдайда біз 1,5 миллион теңгеге дейінгі кепілдіксіз займды жылына 5 пайыз мөлшерлемемен ұсынамыз. Дегенмен, бұл тұста жеке тұлғаның кепілдігі қажет. Екінші бағыт – мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істеу көлемі соңғы кезде көбейді. Нақты айтқанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша атында үйі жоқ, баспана кезегінде тұратын және тұрмайтын салымшыларға әлеуметтік несиемен баспана ұсынылады, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, 2021 жылы Шымкентте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «5-10-20 Шаңырақ» бағыты бойынша 27 тұрғын үй (1728 пәтер) және 33 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлер (2096 пәтер) пайдалануға беру жоспарлануда.