Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды.
«ZOOM» платформасы бойынша өткен жиынға Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, «Kanfar Building» ЖШС, «Бек строй сервис» ЖШС, «Umit Qala» (BI Group) ЖШС, «Юг PLASTIC KZ» ЖШС, «Марьям Ай» ЖШС, т.б мекемелердің басшылары қатысты.
Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар және 2021 жылғы қаңтар-маусым айларына болжам, жаңа жобалар мен жобалардың өзекті мәселелері және хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Алдымен қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков 2021 жылдың бес айындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалу барысын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басында жоспар 89,2 млрд теңге болатын. Бес айдың қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша 93,2 млрд теңге игерілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш нақты 20,7 %-ға артып отыр.
Атап айтқанда, жаңғырту жобалары, «Оңтүстік» АЭА, «Оңтүстік» ИА, «Тассай» ИА, «Шымкент» ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жобалар, сауда, көлік және әлеуметтік салаларға бағытталған жобалар бойынша инвестициялар игерілді. Штаб отырысында «Шымкент» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Б.Канкин және инвесторлар жаңа жобаларын ұсынып, сол жобалар бойынша өзекті мәселелерді талқыға салды.
Атап айтар болсақ, жиынға қосылған «Юг PLASTIC KZ» ЖШС директоры Азизбек Турдиев өнім түрлерін ұлғайту, жаңа бағыттар қосуды жоспарлағанын мәлімдей келе құрылыс материалдарына маманданған өндіріс орнына қосымша жер қажеттігін жеткізді. Дәл осындай мәселені «Марьям Ай» ЖШС көліктердің қосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын басшылығы да көтерді. Мекеме басшысы Фараби Әбуов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер беруді сұрады. Сонымен бірге, «КДЛ Олимп» ЖШС да өз өндірістерін ұлғайтуды жоспарлап отырғандығын айтты.
Жиында «Шымкент» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкиннің барлық ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, тапсырма берілді. Жеке кәсіпкерлердің өтініштері бойынша жер беру мәселесі де шешімін табады. Сондай-ақ, өткен штаб отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалу барысы да пысықталды.