Ветеринария жүйесіне жаңашылдық қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл саланы реформалауда нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда саланы цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шараларын қарастыру көзделуде.
Атап айтқанда, алдағы уақытта қазіргі қолданыстағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесі жетілдіріледі, ауыл шаруашылығы жануарларының санына қарай ветеринар дәрігерлерге республикалық деңгейде бірыңғай жүктеме нормативтері бекітіледі. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін көтеру курстары ұйымдастырылып, аса қауіпті инфекциялық ошақтар пайда болғанда жедел әрекет ету үшін озық заманауи технологиялармен жабдықталады деп күтілуде. Арнайы жол талғамайтын автокөліктермен қамту және ветеринар мамандардың еңбек зияндылығына байланысты мәселен, тірі вакцинамен айналысу, қан және патологиялық материалдар алу және тағы басқа жұмыстарға қарай үстемақы төленеді.
Әлбетте ветеринария саласында қордаланған мәселе көп. «Дәрігер адамды, ветеринар бүкіл адамзатты емдейді» деген тәмсіл бар. Сондықтан бұл салада ігерілеушілік болуы тиіс. Шымкентте ветеринария саласы бойынша «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу» жұмыстары, жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті 29 түрлі ауруға қарсы диагностикалық зерттеулер мен 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу жұмыстары ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен бекітілген жоспарға сәйкес, жүргізілуде.