Бүгінде мегаполисте 200-ден астам орта білім беретін мектеп бар. Онда 233 мың оқушы білім алады. Қалада білікті ұстаздарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Осыны ескерген қала басшылығы «HR-Process» жүйесін қолданысқа енгізу арқылы саладағы бірқатар өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге қол жеткізді.
Қолданысқа енгізілгеніне екі жылға жуықтаған жаңа жүйе арқылы бүгінге дейін 1500-ге жуық мұғалім мектепке жұмысқа орналасқан. Солардың бірі – Анель Амангелді. Ол А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, М.Әуезов атындағы ОҚУ – да білімін жалғастырған. Магистратураны үздік дипломмен бітірген Анель Бауыржанқызы «HR-Process» жүйесі арқылы конкурсқа қатысып, нәтижесінде Д.Нұрпейісова атындағы №116 жалпы білім беретін орта мектебінің физика пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданыпты. Жас маман «таныссыз, ақшасыз» деген жұртшылықтың пікірінде қалыптасқан стереотип жойылғанын айтады.
– Заманауи мұғалім ең алдымен білікті әрі сауатты педагог болуы қажет. Шәкіртке тәрбие бере отырып, білім нәрімен сусындату ең маңызды дүниенің бірі. Еш нәрседен қорықпай, тек қана тәуекел етіп, өз пәніңізді жетік меңгеріп, оқушыға деген сүйіспеншіліктің болуы қажет. Бұл мамандықты таңдауыма – өз ұстазым себепші болды. Ұстазымның арқасында ең алғаш физика пәніне деген қызығушылығым оянды. Отбасымда әкем темір жол саласы бойынша қызмет істейді. Ал анам ұзақ жылдар биология пәні мұғалімі болып дәріс берді. Қазіргі таңда басқа салада жұмыс істеп жүр. Шымкентте парасыз жұмысқа тұруға болады. Оның дәлелі мен десем де болады. Ең бастысы – өз біліміңе сену. Ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырын тигізуден шаршамайтын, өмірінің әр шақтарын қиып, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі, – дейді жас маман.