Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева айтты.
Оның сөзінше, газ өндіруші зауыттардың облысқа қажетті көлемді уақытылы жеткізе алмауының салдарынан соңғы уақытта аймақта газ жетіспеушілігі байқалған.
– 30 қазан күні Түркістан қаласына 97 тонна газ жеткізілді. Сондай-ақ, қосымша 73 тонна әкелінеді. Қазіргі уақытта Түркістан, Кентау қалаларында ірі газ құю станцияларында ғана сатылуда. Ал Кентау қаласында дәл қазір 4 тонна газ бар. Бүгін тағы да қосымша 27 тонна жеткізіледі. Қараша айына жоспарланған газ көлемі зауыттан 1 қарашадан бастап жолданады. Өңірдегі жанар-жағармай бекеттерін сұйытылған мұнай газымен камтамасыз ету қатаң бақылауда, – деді Роза Олжабайқызы.
Айта кетейік, Түркістан облысында сұйытылған мұнай газ таратушы 40 кәсіпкер тіркелген. Автомобильдік газ құю станцияларының саны – 317. Жалпы облыстың ай сайынғы қажеттілігі 12,5-13 мың тоннаны құрайды. Қазан айына бөлінген 11 052 тонна. Оның 9 432 тоннасы кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізілген. Ал 396 тоннасы газ толтыру станцияларына тасымалдану үстінде. Сондай-ақ, қалған 1 224 тонна зауыттан бүгін шығарылады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%). 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құрады. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаны құрап отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Енді осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшеймек.Айта кетсек, Түркістан өңірінде жанар-жағармай және газбен қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Жалпы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұрақты түрде дизель отынымен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда, жанар-жағармай мен газ тапшылығына және бағасының негізсіз өсуіне және жол бермеу мақсатында аудан, қалаларда тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Осы мәселелерге қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды.