Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында – жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызмет көрсету туралы жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімінің аппарат басшысы Айбек Ақылбекұлы төрағалық етті.
Аталған мәжілісте аудан әкімі апппаратының бас маманы Мақпал Тұрсынбекқызы баяндады. Бүгінде аудандағы мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметтің 54 түрі көрсетіледі. Мәселен биыл 9 айда жалпы көрсетілген қызметтер саны – 62 328, оның ішінде электронды түрде– 54 489, бұл көрсетілген қызметтердің – 87,4 пайызын құрайды.
Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда қамтамасыз етуге міндетті, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың ішкі бизнес-үдерістерін автоматтандыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылының ең тиімді нысаны ретінде электрондық мемлекеттік қызметтерді дамытуға ықпал етеді.
Жалпы ауданда «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасына сəйкес, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында электронды түрде қызмет көрсету заман талабына сай қарқынды дамуда.
Қосымша ақпар. Сайрам ауданының Қарабұлақ елді мекенінде «RaiINTEX» компаниясының тігін филиалы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 120 000 арнайы форма (ІІМ) тігуге қауқарлы. Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 80 млн. теңгені құрайды. Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Сайрам ауданының әкімдігінің өкілдері өндіріс орнында болып, кәсіпорынның ресми ашылуына қатысты.
Аталған инвестициялық жоба барысында 110 жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын 30-дан аса маманды жұмыспен қамтамасыз етіп үлгерді. «RaiINTEX» ЖШС-і Сайрам ауданына өндірістік қуаттарын кеңейтуде үлкен әлеуетке ие. Себебі Сайрам ауданы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша көш бастап тұр. Ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша екінші, халық саны бойынша 226,2 мың адамды құрап 1-ші орында.
Алдағы уақытта аталған компания Көлкент ауылдық округінде тағы бір тігін филиалын іске қосуды көздеп отыр. Жобаны іске қосу өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.