Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 2023 жылғы IV-тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін бастады. Аудан әкімі кездесуді Достық, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Көксу ауылдық округтерінде өткізді.
Кездесу барысында әр ауылдық округ бойынша тұрғындар тарапынан мәселелер айтылып, сауалдар қойылды. Аудан әкімі көтерілген сұрақтар мен ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Атап айтқанда, Достық ауылындағы ауыз су, Ақшеңгелді ауылында жекеменшік канал мәселесі, Қызылқұм ауылында мәдениет үйі мен жайылымдық жер мәселелері көтерілді. Сүткент ауылында каналдарды бетондау, ауылды абаттандыру, жаңадан әкімдік ғимаратынан салу, егістік жер секілді мәселелер сөз болса, Көксу ауылында мақта мәселесі, ауыз су кестесін реттеу, жеңілдетілген дизель отыны сөз болды.
– Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту, егістік алқапқа жағдай жасау жұмыстары жүзеге асады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сондықтан әрқайсысыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі,- деді Арман Романұлы.
Шежірелі Шардара – қойнауы қазына, жері құтты мекен, облыстың оңтүстік бөлігіндегі қарқынды дамып келе жатқан аудан. Тарихы тереңде жатқан өңірде балығы тайдай тулаған, шағаласы шаңқылдап көк аспанда ойнаған Шардара су қоймасы бар. Бұл – өңіріміздің көз қуанышы, еліміз үшін стратегиялық нысан. Су қойманың мүмкіндігін тиімді пайдалануымыз керек.
Шардараның әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады.
Бұл орайда, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Салынатын мектептер жана форматта болады. Заманауи мектеп түлектердің 90-95%-ы жоғары оқу орындарына грантқа, немесе шетелдегі ең мықты, танымал оқу орындарына түскен. Осы тәжірибені пайдалана отырып, жобаны барлық өңірде іске асыру көзделді.
Жоба аясында Шардара қаласында 1 200 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 2 елдімекенде 2 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Жаушықұм елдімекенінде мәдениет үйін салуға 200 млн.теңге қаралды, құрылысы 2023 жылы аяқталды. Шардара елдімекенін табиғи газбен қамтуға 220,8 млн. теңге бағытталды. Нысанның құрылысы биыл аяқтау жоспарлануда.
Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 13 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқының 99,6%-ы немесе 105,6 мың адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 74,4% немесе 59 мың қамтылған.
Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жылдың қорытындысымен пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы Майқала, Ақбала, Абай және Қызылжар ықшамауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан 2023 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, Шардара ауданын орталықтандырылған газбен қамту бойынша 6 жоба іске асырылуда. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.