Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырған еді. Бұл – ауданның, туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.
Қазіргі таңда ауданның негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік және туризм саласы болып табылады. Сауран ауданының аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар. Бұл нысандар ішінде туристер көп келетіні Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесене. Сонымен қатар, ауданда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы теңгеріміндегі Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан.
Ауданға келуші саяхатшылар саны басым болғандықтан заманауи талапқа сай орталықтарды салу кезек күттірмейтін мәселені бірі болып отыр дейді Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров.
— Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан жоба құны 320 млн.теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықта туристерге арналған қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақтар болады. Одан бөлек Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесінен жоба құны 97 млн.теңгені құрайтын «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізілді.
Бұдан бөлек ауданда жалпы 849 млн. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 76 жаңа жұмыс орны ашылды. Олар: «Ақжол» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы,Үшқайық ауылдық округіндегі спорт кешені, Жүйнек және Ескі Иқан ауылдық окургтерінде тамақтану орндары, Иассы ауылдық округінде «Ozen» демалыс аймағы.
— Ауданда жыл соңына дейін 1 млрд. 974 млн. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы жобалар іске қосылған жағдайда 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтсам, «Ныш-ер» қонақ үйі мен демалыс аймағы, « Sayazhai» және «Хамдам» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы, «Saketau Resort» отбасылық демалыс орндарын ашу жоспарлануда, дейді Сұлтанғали Сартайұлы.
Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени нысандарға 2022 жылы 72 мың турист келген болса, 2023 жылдың 9 айының қорытындысымен 59 мың саяхатшы келген. Сауран ауданында саяхатшылар мен зиярат жасауға келушілер санын 80 мың адамға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы бұл меженің таяу жылдарда орындалатынына сенімді.