Отырар ауданында биыл 9 айда жалпы өндірілген өнім көлемі 80,1 млрд теңгені құрады. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі – 15 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығының өнім көлемі – 29,7 млрд. теңге көлемінде. Бұл туралы бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі – 26,3 млрд теңге жеткен.
– 2023-2025 жылдары ауданға жалпы 66 млрд 970 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда 26 инвестициялық жоба іріктелді. Биылғы жылы ауданда 2 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, «Arm Wind» ЖШС-і күн энергиясын алатын 100 мыңға жуық панель орнатып, жоба толық іске қосылды. Қазіргі таңда онда 50 адамды жұмыспен қамтылған. Екіншісі, 50 адамға арналған қонақ үй жобасы. Бүгінгі таңда кешен өз жұмысын бастады, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүруде. Ал табиғи газ 13 елді мекенге беріліп отыр. Олар: Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Қарақоңыр, Қарғалы, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір елдімекендері. Қалған елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасуда. Аудан көлеміндегі жалпы автокөлік жолдардың ұзындығы – 863,25 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағысы – 543,93 шақырым.Жалпы ауданда салық төлеушілердің мүлігіне қайта бағалау жүргізіп, құны 900 млн. теңгеге артып, қосымша 5 млн. теңгеге жуық кіріс анықталған.
Дегенмен бірқатар көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуы бойынша кемшіліктер анықталған. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 95,2 пайызды құрап, жоспарлар орындалмай отыр.
Актив отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланып, жауапты басшыларға сын-ескерпе айтылды.
Атап айтқанда, жұмыс орындарын ашу, білім, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу, ауданды абаттандыру, тазалық сақтау жұмыстарын күшейту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.