Осы аптада, 14 қараша таңғы сағат 8:10 да елімізде тарихи оқиға тіркелді. Қазақстанның 5 аумағында бір уақытта өмірге келген 5 сәби еліміздің жиырма миллионыншы тұрғындары атанды. Мерейлі перзенттер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. Дәл осы күні Арыс қаласында туған 3 сәби де 20 миллионыншы тұрғындар қатарын толықтырды.
Осы орайда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс аудандық орталық ауруханасының перзентханасына арнайы барып, 14 қараша күні дүниеге келген сәбилердің ата-анасын құттықтап, қуанышымен бөлісті. Шаһар басшысы сәбилерге ұзақ ғұмыр тілеп, сый-сияпаттарын тапсырды.
Еліміздің демографиялық көрсеткішінің артуына Арыс қаласының аяулы аналары да зор үлес қосуда. Жыл басынан бері қала мен ауыл көлемінде 769 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде 405 қыз, 364 ұл бала дүние есігін ашқан. Оның ішінде үш отбасыда егіздер туған.
Жалпы демография динамикасына сәйкес, тәуелсіздік алған жылы Қазақстан халқының саны 16,4 миллион адамды құрады. Содан бері ел халқының саны 22-ден астам пайызға өсті. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, өңірлер бойынша халықтың ең көп өсуі Шымкент қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында байқалды – 22-24%.
«Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Ал көші-қонның ең жоғары оң сальдосы 2006 жылы болды. Биылғы жылдың деректеріне сәйкес, тоғыз айда дүниеге келгендер саны 291 мың адамды құрады. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 194,8 мың адамды құрады. Бұл орта есеппен бір айда 22 мың адам немесе күніне шамамен 750 адам деген сөз», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша оң сальдо қалыптасты, яғни, елімізге тұрақты тұруға сыртқа кеткеннен гөрі көп адам келген.
Спикер облыстар бөлінісіндегі халықтың қазіргі саны бойынша тұрғындардың ең көп саны Түркістан облысында – 2,1 млн, Алматы облысында – 1,5 млн, Жамбыл облысында – 1,2 млн адамды құрағанын атап өтті.